Қазақстан әйелдері қалаға қоныстануға ұмтылады.
2009-2021 жылдардағы санақаралық кезеңде халықтың жыныстық және этникалық аспектілерінде айтарлықтай өзгерістер болды. Аталмыш кезеңде халық саны 3 млн 401 мыңға немесе 33,7% өсті. 2021 жылы әйел санының өсімі 2009 жылмен салыстырғанда (1,563 мың адамға немесе 18,8%) төмендеу болды.
2021 жылғы санақ деректері бойынша, Қазақстанда әйелдердің (51,4%) үлес салмағы ерлерге (48,6%) қарағанда басым. Десек те, 2009 жылғы санақпен салыстырғанда әйелдердің үлесі сәл (51,8%) төмендеді. Ал ерлер (48,2%) сәйкесінше 0,4% тармаққа өскен.
Өңірлердің жағдайына келсек, әйелдер саны бүкіл өңірде басым. Тек Түркістан (50,7%) мен Қызылорда облыстарында (50,2%) ерлердің саны сәл көптеу. Әйелдер саны ең көп қоныстанған өңірлер: Алматы (54%), Астана (53%) және Шымкент (52,9%) қалалары, Шығыс және Солтүстік Қазақстан (51,7%) облыстары.
Әйелдердің көпшілігі негізінен қалаларда қоныстануға тырысады. Олардың ауылдағы үлесі 49,4% болса, қаладағы үлесі – 52,7%. Ауылдарда әйелдер тапшылығы Қызылорда (48,8%), Ақтөбе (48,9%), Қарағанды және Түркістан (49,1%) облыстарында байқалады.
19 жасқа дейінгі әйелдердің қаладағы үлес салмағы 50%-ға жетпейді. Ал 20-24 жастағы ер мен әйелдің саны теңесіп тұр. 25 жастан асқан қала тұрғандарының арасында әйелдердің үлесі басым. Жас егделенген сайын әйелдердің үлесі арта береді. Мысалы, 40-44 жас аралығындағы 1000 әйелге 905 ер адам, 45-49 жаста 1000 әйелге 847 ер келеді.
Ауылдардағы ахуал бұдан өзгеше. Мұнда әйелдердің үлесі тек 55 жастан кейін артады. 20-34 жас аралығындағы тұрғындардың арасында ер адамдардың саны әйелдерден артық. 1000 әйелге – 1155 ер адамнан келеді.
Жалпы әйелдердің көші-қон белсенділігі ер адамдармен салыстырғанда артық.
Этникалық топтардың гендерлік арақатынасы әркелкі. Мысалы, елдегі қырғыздар арасында ер адамдардың тапшылығы айтарлықтай байқалады. Нақтырақ айтсақ, әр 1000 әйелге 703 ер келеді. Украиндарда әр 1000 әйелге 827 ер, татарларда 1000 әйелге 834 ер, беларусьтарда 1000 әйелге 838 ер адам, орыстарда 1000 әйелге 845 ер адам келеді.
Ал әйелдер "тапшылығы" тәжіктер мен шешендер арасында (1000 әйел адамға 1144 ер), түріктерде (1000-ға сәйкесінше 1115), әзірбайжандарда (1000-ға 1074), күрдтерде (1000-ға 1024) және дүнгендерде (1000-ға 1006) байқалады.
Кіші жас топтарында (15 жасқа дейін) ерлердің (51%) саны әйелдерден (49%) көп болатыны байқалады. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі бойынша, 2021 жылы республикада жаңа туған әрбір 1000 қыз балаға 1083 ұл бала тіркелген.
15 жастан кейін ерлердің өлім-жітім көрсеткіші жоғары болғандықтан таразы басы кері теңселеді. 15-65 жас арасындағы әйелдердің үлесі – 51%, ерлердің үлесі – 49%.
65 жастан асқан қазақстандықтардың 73%-ы әйелдер. 2021 жылғы дерек бойынша елдегі ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы 66,33 жас болса, әйелдерде 74,03 жас болған . Яғни, 7-8 жас айырмашылық бар.