Қазақстандық балалар құқығының бұзылуы туралы БҰҰ-ға шағымдана алады

423

БҰҰ Комитеті әрбір істі қарап, қатысушы мемлекеттерге нақты ұсынымдарды қамтитын шешімдер қабылдайды. 

Қазақстандық балалар құқығының бұзылуы туралы БҰҰ-ға шағымдана алады Фото: inbusiness.kz

Сенат депутаттары Мәжіліс қабылдаған "Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Талғат Жүнісов таныстырды. Оның сөзінше, бұл заң әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысында салалық министрліктермен бірлесіп жан-жақты қаралды.

"Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамасына қосылу туралы шаралар қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Президент Жарлығына сәйкес, биылғы 7 ақпанда еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Бала құқықтары туралы конвенциясының хабарламалар рәсіміне қатысып, Факультативтік хаттамасына қол қойды. Құжат Бала құқықтары туралы Конвенцияда және Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты екі Факультативтік хаттамада көзделген бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қабылдау және қарауға өкілеттік береді", - деп түсіндірді Сенат депутаты.

Факультативтік хаттамаға сәйкес, егер балалар не олардың өкілдері, Қазақстандағы барлық деңгейдегі соттармен қаралып, шыққан шешіммен келіспесе, БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар түсіре алады.

Сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, БҰҰ Комитеті әрбір істі қарап, қатысушы мемлекеттерге нақты ұсынымдарды қамтитын шешімдер қабылдайды. Хаттамаға қатысушы мемлекет бұл ұсынымдар мен шешімдерді орындауға міндеттеледі.

"Заңды қарау барысында біз Хаттаманың уәкілетті орган ұсынған қазақ тіліндегі бейресми аударманың 17-бабында "мүгедек" деген термин қолданылғанын және бұл орыс тіліндегі нұсқадан алынғанын, ал басқа бес тілдегі нұсқада бұл сөз мүгедектігі бар адам, бала деген мағынада берілгенін анықтадық. Біздің ұлттық заңнамада бүгінгі күні "мүгедек" термині дискриминациялық термин болғандықтан қолданылмайды. Осы себепті, биыл біз Әлеуметтік кодексті қабылдағанда аталған сөзді "мүгедектігі бар адам, бала" деген терминге ауыстырдық", - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу