Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында қазақстандық шпагашылар командалық сынды аяқтады, деп хабарлайды Olympic.kz.
Жарыс нәтижесі бойынша біздің шпагашылар оныншы орын иеленді. 1/8 айналымда өткен тартысты кездесуде Қазақстан командасы 44:45 есебімен Ресейге жол берді. Кейін 45:44 есебімен АҚШ құрамасын және 41:40 есебімен Венгрияны жеңді. Ал Жапония командасына қарсы өткен кездесуде біздің шпагашылар 44:45 есебімен ұтылып, 10-орынға тұрақтады.
Командалық бәсекеде Қазақстан атынан Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Дмитрий Алексанин және Вадим Шарлаимов сынға түсті. Ал шпагадан командалық сынға 42 құрама қатысқан.