Қазақстандық вакцина Түркияда өндіріледі

1092

Бүгінде Жамбыл облысында СOVID-19-ға қарсы екпені өндіретін зауыт салынып жатыр.

Қазақстандық вакцина Түркияда өндіріледі

Отандық ғалымдар жасаған коронавирусқа қарсы вакцина Түркияда өндіріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, қазақстандық ғалымдар жасаған СOVID-19-ға қарсы екпе Түркияда өндіріледі.

"Бүгін біз Түркиямен келісімге келдік. Себебі олардың қуатты өндірістік базасы бар. Түркияда өзінің вакцинасы жоқ. Алайда онда ірі өндіріс орындары бар. Қазіргі таңда осы өңірмен келісімге қол қойылды", - деді вице-премьер. 

Ералы Тоғжанов келісім аясында түрік тарапы Қазақстанда вакцина шығаратын зауыт құрылысына көмектесіп, оған құрал-жабдықтар жеткізетінін атап өтті.

Ол 21 сәуірде қазақстандық "QazVac" вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі 50%-ға аяқталғанын жеткізді. Оның пікірінше, кейін екпені тіркеу, өндіру және қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

"Қазақстандық институттың базасында (әзірлеген) вакцинаны дайындауға арналған субстанция дайындалады. (...) Түркияда екпе тек құйылады", - деді премьер-министрдің орынбасары. 

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық вакцина шығаратын зауыттың құрылысы жыл соңына дейін аяқталатынын айтқан еді.

2020 жылдың маусымында Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ жанынан отандық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы басталған. Зауыт иммунобиологиялық дәрілік препараттарды, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны өндіреді. Кәсіпорын 2021 жылдың I тоқсанында жұмыс істейді деп жоспарланған. Жыл сайын бұл зауытта 30-60 млн доза биопрепарат өндірілмек.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте 2021 жылдың тамыз-қыркүйегінде зауытта вакцинаны құю жүзеге асырыла бастайтынын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу