5 желтоқсан күні таңертең Kcell және Activ ұялы байланыс операторының қазақстандық пайдаланушылары интернеттің істен шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оператор абоненттеріне шағымдар Алматы мен Астанадан түскен. Қазақстандықтардың айтуынша, таңнан бері интернет пен бірқатар қосымша, оның ішінде Kcell қосымшасы жұмыс істемей қалған.
Kcell компаниясы аталған жайтқа қатысты түсінік берді.
– Таңертең компания желісінде кейбір абоненттің интернетке қосылу жылдамдығының төмендеуі тіркелді. Бұл жағдай жабдықтың техникалық ақауы салдарынан болған. Компания мамандары дереу қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, шұғыл түрде телекоммуникациялық жабдық өндірушінің сарапшыларын тарта отырып, мәселені бірлесе шешті. Қазір барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр, интернет жылдамдығы толық қалпына келтірілді, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Kcell компаниясы байланыс нашарлаған барлық абонентке бонус есептелетінін хабарлады.