2024 жылдың 11 айы бойынша еліміздегі электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 триллион теңге болды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Электрондық сауда Қазақстанда қарқынды дамып, қазіргі уақытта біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды. 2020 жылдан бастап оның көлемі 5 есе өсті, алайда әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. 2024 жылдың 11 айы бойынша алдын-ала жасалған деректерге сәйкес, Қазақстандағы электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 триллион теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемінен жоспарланған 14,5%-дан 15% пайызға дейін артуы болжануда", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, елімізде қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуы, бөлшек финтех саласының дамуы мен интернеттің қолжетімділігімен, жас адамдардың көп болуына (8 миллионнан астам) байланысты Қазақстан жоғары даму әлеуетіне ие болып отыр.
"2029 жылға дейін электрондық сауданың бөлшек саудадағы жалпы көлеміндегі үлесін 18,5%-ға дейін арттыру немесе 9,3 триллион теңгеге жеткізу мақсаты бар. Бұл электрондық сауда көлемін іс жүзінде 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді Сауда және интеграция министрі.
Айта кету керек, осыған дейін отандық маркетплейстер 135,2 миллиард теңге салық төлегенін жазған болатынбыз.