2017 жылдың тамызында қазақстандықтар шетелдік валютаны сатып алуға 313,6 млрд теңге жұмсаған деп хабарлайды LS.
Шығындардың 93 пайызы АҚШ долларын сатып алуға жұмсалса, ресейлік рубль мен еуроға –1,5 және 5,5 пайыздан тиеді.
Өткен аймен салыстырғанда шетелдік валютаны сатып алуға жұмсалған қаражат 59,6 пайызға өскен, оның ішінде нақты долларды алуға кеткен шығындар 2,2 есе өскен. Рубль мен еуроның сатылымына жұмсалған ақша керсінше 89 және 3 пайызға азайған.
Жалпы алғанда осы жылдың қаңтар-тамыз айларында шетелдік валютаны сатып алуға кеткен қаржы 1,4 трлн теңгеге жеткен (доллар – 66 пайыз, ресейлік рубль – 24 пайыз, еуро – 10 пайыз). Бұл – 2016 жылды есептемегенде – өткен жылдардың тап осы уақытымен салыстырғанда шамалас көрсеткіш (2015-2015 жылдардың орта шамасы – 1,5 трлн теңге).
"Шетелдік валютаны қолма-қол алуға деген сұраныс шетелге туристік сапарлар ақысын төлеу, жинақты әртараптандыру секілді жеке шығындардың әсерінен өскен. Оның үстіне, шағын кәсіпкерліктің сауда-саттықпен айналысатын кейбір санаттарының да сұранысы бар. Тамыз айында шетелік валютаның көптеп сатып алынуына Ұлттық банк "алаңдауға негіз жоқ" деп хабарласа да, "девальвация болады" деген сыбыстың да әсер жоқ емес", - деді орталық банк.