Бүгінде смартфондар адам өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында 1000 адамға 767 ұялы телефоннан келеді. Салыстырар болсақ, 2012 жылы 1000 адамға 579 телефоннан тиесілі еді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Ұялы байланыстың артықшылығы оның қала мен ауыл тұрғындары арасындағы шекараны жоюы және ақпаратқа, қызметтерге, оның ішінде қоғамдық қызметтерге және т.б. қол жеткізуге тең мүмкіндіктер беруі.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында 2021 жылы қалада 1000 адамға 795 ұялы телефон, ауылдық жерде 726 ұялы телефоннан келеді.
Цифрлық салада да мобильді интернеттің қолжетімділігі маңызды рөл атқарады.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орында, сондықтан бұл мәселе біздің еліміз үшін өзекті болып табылады. Халықаралық электрбайланыс одағының деректері бойынша, 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқын мобильді интернетпен қамту 98%-ды құрады, оның 81%-ы 4G желісінің үлесіне тиесілі. Салыстырар болсақ, 2014 жылы тұрғындарды 4G мобильді интернетпен қамту 43% болатын.
Сонымен қатар, қазірдің өзінде Қазақстан халқын 5G желісінде мобильді интернетке қосу және қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5G желісін биылғы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар қалаларда (Алматы, Астана және Шымкент) іске қосуды жоспарлауда. Ал 2023-2025 жылдары - облыс орталықтарына да желі тартылмақ.
Дегенмен, қазақстандықтар 5G-ді пайдалануға дайын ба? Ол үшін ел азаматтарына 5G-ді қолдайтын смартфондар қажет. Бірақ мұндай байланыс құралы қымбат. Қазақстандық нарықта 5G қолдайтын құрылғылардың құны 100 мың теңгеден басталады.
Сонымен қатар, Қазақстандағы абоненттердің тек 6%-ында 5G желісін қолдайтын телефондар бар.
Өңірлер бойынша көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Жамбыл облыстарында 4%-дан, Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша абоненттер бойынша 11%-ға дейін ауытқиды.