Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жинағын басқаруға қаржылық сауаттылығы жете ме?

553

Зейнетақы қорының салымшыларына жинағының жартысын билік етуге рұқсат беріледі.

Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жинағын басқаруға қаржылық сауаттылығы жете ме?

Өзгеріс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындап жатқан әлеуметтік кодекспен іске асады. Қазір мұндай басқару құқығы қордағы жинағы жеткілікті шектен асқан салымшаларда ғана бар. 

Жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуы мен мол табыс әкелетініне мемлекет кепілдік бермейді. Оған тек сіз таңдаған компания жауапты. Сондықтан, қаржы саласының мамандары "инвестициялық портфелді басқаратын компанияны таңдағанда мұқият болған жөн" деп кеңес береді. Сондай-ақ, таңдауыңыз әркез табысты бола бермеуі де мүмкін. Бар жауапкершілік өзіңізде.   

"Мұндай қаржылық институттар тек қана лицензиямен жұмыс істейді. Сондықтан бірінші ретте жекеменшік басқаруға беруде салымшы лицензиясын тексеру керек. Оның "Ұлттық банк тарапынан берілген лицензиясы бар ма?" деген сұраққа жауап алу керек. Және "бар" деген көшірмесін алып алған дұрыс", дейді Қаржы саласы бойынша сарапшы Талант Қалиева.

Қордың мәліметінше, қазір тіркелген сенімгерлік басқарушы 5 компания бар. Оларға 4 мыңға жуық салымшы өтініш беріп, 8,7 млрд теңгесін аударған. Аударымдардың орташа сомасы  1,5 млн теңге. Бірақ экономистер, ел тұрғындарының бәрі бірдей мұндай өзгеріске дайын емес,- деп санайды. Өйткені, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырмай, инвестициялық табыс табуы екіталай. Сондықтан, өзгерісті енгізерде, арнайы бейне-сабақтар жүктеп, сол арқылы алғашқы базалық түсінікті қалыптастыру керек. 

"Финграмата.кз деген сайт бар. Орталықтандырылған сол жерден ақпарат алсаңыздар болады деген ақпарат таратады.Бірақ бізге қазақ тілді аудиторияның қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Неге финграмота.кз? Неге қаржылық кеңес.кз емес мысалы? Ауылдағы отырған азаматтар ондай сайтты теріп отырмайды ғой. Одан кейін қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша, ұлттық бағдарлама әзірленуі керек. Бізде жасалып жатқан дүниелердің нәтиже бермей жатқандығын байқаймыз", дейді Экономист Мақсат Халық.

Негізінен сарапшылар бұл өзгерісті қолдап отыр. Қордағы құр жатқан мол қаржыны табысқа айналдыратын уақыт әлдеқашан жетті. Ұлттық банктегілер де жинақтың 50 пайызын басқаруға беру  қазақстандық бағалы қағаздар нарығына да оң әсерін тигізеді,- деп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу