Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстаннан көшіп кеткендердің саны азайып жатыр. Туған жерін тастап, шетел асқандардың қатары бір жылда 8 мыңға азайыпты, ал көшіп келгендердің саны, керісінше, көбейген. Өйткені, соғыс пен санкциялар кезінде азаматтарымыз Ресейге көшуге құлықсыз. Тек бұл жағымды статистикаға қарамастан елімізде әлі де теріс мигарциялық сальдо сақталып тұр.
Елден көшіп кеткендердің саны 2011 жылдан бері үздіксіз өсіп келді. Алайда, 2022 бәрін өзгертті. Ресми статистика мынадай: 21-ші жылы Қазақстаннан 32 мыңнан астам адам кетіп қалса, былтыр олардың саны 8 мыңға азайған. Ал көшіп келгендер шамамен 6 мыңға артыпты. Мұның басты себебі Ресейдегі ахуал екенін бәріміз жақсы білеміз. Бір жыл бұрын көршіміз Украинаға басып кірді. Сондықтан, қанша бүйрегі бұрып тұрса да, соғыс ашып, санкция астында қалған агрессор мемлекетке көбінің көшкісі келмей қалды.
Мұны сатистика да растап отыр. Көшіп кеткен қазақстандықтардың басым бөлігі Ресейді таңдайтыны жасырын емес. 2021 жылы федерацияға 26 мың 700 отандас кетіп қалса, былтыр 19,5 мыңы көшкен. Яғни, 7200-ге азайыпты.
"Қазақстанда тып-тыныш отыра берейін" деп шешкендердің көбі де славян этносының өкілдері. Былтыр елден аулақ кеткен орыстардың саны 5,7 мыңға қысқарды. Шетел асқан қаракөз қазақтар 100 адамға, ал немістер 200-ге азайды. Ал енді көшіп келгендерге тоқталсақ. Соғыс басталғалы имиграцияның екі үлкен толқынын бастан өткергеніміз есте: наурызда - қарулы қақтығыс басталғаннан кейін және күзде - мобилизация жарияланған соң Қазақстанға ресейліктер жаппай ағыла бастады. Алайда, олардың басым көпшілігі жағдай тұрақталған соң отанына оралды.
Ал Қазақстанда тұрақтағандары қанша? Былтыр 6 мыңға жуық Ресей азаматы біздің елде қалып қойған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 2400 адамға көп. Өзбекстаннан көшкендер де соншаға артқан. Қысқасы, қазақстанда өмір сүремін деушілердің қатары көбейіп барады. Бұл әрине қуантады. Алайда, елдегі мигарциялық сальдо әлі де теріс мәнге ие. Қарапайым тілмен айтқанда, елден көшіп кеткендердің саны көшіп келгендерге қарағанда көбірек. Десе де жағдай ақырындап оңалып келе жатқан сияқты. 2019 жылы 33 мың азаматымыздан айырылсақ, 2020 жылы пандемияның арқасында екі есе азайды. 2021 жылы тағы да өсті, ал былтырғы сальдо 6900-ге дейін тағы да қысқарды. Бұған қарамастан, Қазақстаннан көшкендердің арасында жоғары білімділердің үлесі көп, яғни ақылды азаматтарымыз кетіп жатыр көбіне. Мәселені шеші үшін былтыр Еңбек министрлігі шетелден мамандар тарту бағдарламасын қолға алды. Бізге қажетті тәжірибесі мол кәсіп иелері үшін арнайы визалар енгізілді. Осылайша, билік 2027 жылға қарай көші-қон сальдосын минустан шығармақшы.
Бұл - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Atameken Business телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатынан үзінді. Интервьюдің толық нұсқасын бүгін 22:00-де Atameken Business телеарнасының эфирінен көре аласыздар.