Қазақстанның сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ға өсті - ҰЭМ

552

Экспорт 18,7 млрд долларды құрады.  

Қазақстанның сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ға өсті - ҰЭМ Фото: 7kun.kz

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында биылғы 4 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады.

"Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ға өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Экспорт 18,7 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 8,1%-ға артып, 5,9 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 14 млрд долларды құрады", - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзінше, жалпы оң сауда балансы 4,8 млрд долларға тең. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 5,1%-ға артқан.

"Көрсеткіштің өсуі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсім Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласында тіркелді. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 35,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 41,2%-ға, электр жабдықтарын жасаудың 45,6%-ға өсуі қамтамасыз етілді", - деді Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 7,7%, мұнай өңдеу өнімдері – 2,8%, химия өнеркәсібі – 0,5%, сусындар өндірісі – 6,9%, фармацевтика өндірісі – 3,6%, жеңіл өнеркәсібі – 34,9%. Бұдан басқа тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2 пайызға ұлғайған.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан экономикасы 5 пайызға өскенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу