Этнограф Алмагүл Берішбаева қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріне тоқталып, олардың мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттың бары да, нары да – оның ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Қазақ халқының әрбір жоралғысы – тек әдемі рәсім ғана емес, астарында үлкен пәлсапа, тәрбие және әлеуметтік қорғау жүйесі жатқан құндылық. Алайда, жаһандану дәуірі мен заман ағымының өзгеруіне байланысты қанымызға сіңген кейбір асыл дәстүрлеріміз ұмытылып, қолданыстан шығып барады", – деді этнограф Алмагүл Берішбаева.
Сала маманы ұрпақ жадынан өшіп бара жатқан, бірақ адамгершілік пен бірліктің символы болған бес бірегей дәстүрді атап өтті.
"Босаға майлау: Баспананың бақ-берекесі. Халқымыз үшін киіз үйдің немесе жаңа баспананың босағасы – киелі орын. Ырыс пен құт кіретін табалдырық ретінде ерекше қасиетке ие. Жаңа үй алғанда немесе жаңа қонысқа көшкенде жасалатын басты жоралғының бірі – босаға майлау. Бұл салт бойынша ауылдың көпбалалы, үлгілі, ақжаулықты аналары жаңа шаңырақтың босағасына сары май немесе іш май жағады. Бұл – "үйдің іші майлы, дастарқаны жайлы болсын, осы үйге кірген жанның ниеті түзу, жолы ашық болсын" деген игі тілектің белгісі. Майлаған анаға үй иелері ризашылықпен көйлектік мата немесе шапан сыйлап, байғазы береді", – деп түсіндірді ол.
Келесі дәстүрдің бірі – "Ерулік".
"Қазақ "Көрші ақысы – Тәңір ақысы" деп білген халық. Ауылға жаңадан көшіп келген отбасы алғашқы күндері үй тігу, отын-су дайындаумен айналысып, ас әзірлеуге мұршасы болмайтынын көршілері жақсы түсінген. Мұндайда байырғы тұрғындар жаңа көшті қонаққа шақырып, ерулік берген.
Еруліктің мақсаты – жаңа келген жандарды жатсынбай, ортаға тез бейімдеу, танысу және бауырға басу. Көршілер кезекпен мал сойып, сыйлы мүшелерден ыстық ас ұсынады, тұрмысына қажетті қолғабыс жасайтындарын айтып, демеу болады", – деді сарапшы.
Алмагүл Берішбаеваның айтуынша, қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерінің қатарында "Өңір салу" да бар.
"Әйелдер қауымының арасындағы ынтымақ пен сыйластықтың озық үлгісі – өңір салу дәстүрі. Бұл – жаңа түскен жас келінге немесе көшіп келген отбасының отанасына көрсетілетін ерекше құрмет. "Өңір" – киімнің алдыңғы, кеуде тұсы. Ауылдың сыйлы әйелдері жиналып, жаңа шаңыраққа шашу шашып кіреді. Олар келіннің немесе жаңа көршінің өңіріне әдемі алқа, түйреуіш, жүзік тағып, мата мен шапан сыйлайды. Тіпті, жаңа отаудың түтіні түзу ұшсын деп кілем, көрпе-жастық сияқты тұрмыстық бұйымдарды да ала келетін болған", – деді этнограф.
Оның сөзінше, қазақ халқы қан тазалығына ерекше мән беріп, "Жеті ата" заңын қатаң сақтаған.
"Дегенмен, уақыт өте келе арасы алыстаған екі әулет арасындағы туыстық байланыс суымауы үшін сүйек жаңғырту салты қолданылған. Бұл – бұрыннан құда-жекжат болған, арасы жеті атадан асқан руы бөлек екі әулеттің қайтадан қыз алысып, қыз берісуі. Осылайша ескі құдалық қайта жаңарып, туыстық жалғасын тауып отырған. Екі жақ бір-бірін сынайтын кезеңнен өткендіктен, сүйек жаңғыртқанда қатаң ресми жоралғылар мен үлкен шығындар біршама жеңілдетілген", – деп атап өтті сала маманы.
Сонымен қатар этнограф "Сыйыт салу" дәстүрін де түсіндірді.
"Қайғы мен қазаға қатысты ұмытыла бастаған ең терең мағыналы ғұрып – сыйыт салу (немесе сыйыт тарату). Бұл – дүниеден өткен адамның көзі тірісінде тұтынған, киген таза киімдері мен бағалы бұйымдарын оның атынан жақындарына, замандастарына кәде ретінде үлестіру. Әсіресе, марқұмды соңғы сапарға дайындап, сүйекке кірген жандарға ерекше сыйыт берілген: бас жағында болған адамға бас киімі, кеуде тұсын жуғанға шапаны, аяқ жағындағыға етігі аталатын. Осы арқылы марқұмның дүниесі игілікке жарап, артында қалғандар оны үнемі дұғамен еске алып жүрген. Бүгінде бұл дәстүрлердің кейбірі мүлдем ұмытылса, кейбірі "киім тарату", "жыртыс беру" немесе "қоныс тойда дәм тату" деген заманауи сипатта ғана ішінара сақталған. Алайда, осы көне жоралғылардың негізінде жатқан бауырмалдық, көршіге деген құрмет, үлкенді сыйлау мен аруақты қастерлеу секілді ұлы құндылықтарды бүгінгі қоғамда қайта тірілту – ұрпақ алдындағы үлкен парызымыз", – деді этнограф Алмагүл Берішбаева.