2019 жылы ел аумағында 50 мың 447 бірлік көлік шығарылған. Оның ішінде жеңіл, жүк көліктері мен автобустар мен арнайы техника бар. Олардың жалпы құны 359,5 млрд теңгені құрайды. "ҚазАвтоӨндіріс" стратегиялық жоспарлау бойынша директоры Артур Мискарянның сөзінше бұл мәліметтер отандық көліктерге сұраныстың артқанын көрсетеді.
"Жеңіл көлік өндірісі 44 мың 77 бірлікке жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46,8%-ға жоғары. Ал автобус техникасын шығару 2,6 есеге артты. Жүк көлігіне келер болсақ, оның өндірісі 3,4 есеге өсті. Алайда арнайы техника шығару көрсеткіші 227 бірліктен 187 бірлікке дейін төмендеді",– деді Артур Мискарян.
"ҚазАвтоӨндіріс" стратегиялық жоспарлау бойынша директорының сөзінше 2019 жылы ел халқының сатып алу қабілетінің жоғарылауы нәтижесінде авто көлік шығару көрсеткіші де артқан. Осылайша авто өндірісі саласы ішкі жалпы өнімге 359,5 млрд теңге үлес қосып отыр.
"Отандық кәсіпорындардың өндіріс қарқыны 50 мың бірліктен асып кетті. 2019 жылы бұл сала ішкі жалпы өнімге 359,5 млрд теңге үлес қосты. Биылғы жылы авто өндірісі саласының дамуы валюталық сектордағы жағдай мен бизнес пен тұтынушыларға несиенің қолжетімділігіне байланысты. Алдын ала жасалған болжамдар бойынша 2020 жылы отандық техникаға артқан сұраныс пен көліктердің модельдік қатарының жаңаруының нәтижесінде бұл көрсеткіштер 60 мың бірлік техникаға жетуі мүмкін", – деді Артур Мискарян.
Жалпы алғанда 2019 жылдың тек желтоқсан айында отандық зауыттар 5 мың 239 техника шығарған. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3 мың 171) 65,2%-ға жоғары. Сонымен қатар 2019 жылы 44,3 мың көлік сатылған. Бұл да 2018 жылғы нәтижеден (29,9 мың) 48%-ға артық. Ал қазақстандықтар 311 млрд теңгеге отандық көліктерді сатып алған. Демек халықтың "Мade in KZ" темір тұлпарларына қызығушылығы артып келеді. Себебі аталған көрсеткіш 2018 жылғы деректерден 71%-ға жоғары.
2019 жылдың қорытындысы бойынша сұранысқа ие көліктердің көшін Lada (15,1 мыңтехника), Hyundai (14,9 мың техника) және KIA (3,7 мың техника) бастап тұр.
Ал елімізде шығарылған көліктердің ішінде ең сұранысқа ие Lada Granta (5,03 мың техника) мен Hyundai Tucson (4,8 мың техника).
Бұдан бөлек 2019 жылы жеңілдікпен авто ниселеу мемлекеттік бағдарлама аясында 5 мың 315 көлік сатылған. Бұл отандық зауыттар шығарған көліктердің 12%-ы.
Құралай Құдайберген