"ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодор" бірыңғай жол компаниясына біріктірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындаған. Жобада "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы "Казахавтодор" ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды. Аталған компаниялардың облыстық филиалдарының әкімшілік-басқару персоналы қысқартылады және және қайталанатын функциялар да қысқарады.
"Осылайша, қазіргі таңда "ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодор" бірыңғай жол компаниясына біріктірілді. Қолға алынған шаралар республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек", – деп жазылған хабарламада.