ҚазҰУ ректоры ұлының қазасы: сот шешім шығарды

488

Айыпталушыға 6,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚазҰУ ректоры ұлының қазасы: сот шешім шығарды Фото: inbusiness.kz

Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы қайтыс болды деп айыпталған әскери қызметшіге үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ҚР Әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған әскери қызметші М.қатысты қылмыстық істі қарады.

"2022 жылғы 6 қаңтарда сотталушы М. төтенше жағдай кезінде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер уақытында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тартылған 18404 әскери бөлімі бөлімшесінің құрамында болып, "Республика" қалалық алаңының жанында, билік өкілі ретінде өкілеттігін асыра пайдаланып, қандай да бір қатер мен қару қолдануға негіз болмаған жағдайда бағдаршамның алдындағы қиылыста тұрған Lexus 570 маркалы бейбіт азаматтық автокөлікке автоматтан бірнеше рет оқ атты. Салдарынан осы көліктің жүргізушісі қаза тапты", - делінген хабарламада.

Прокурор сотталған М.-ға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.  Сотталған кінәні мойындамады.

"Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген ауыр қылмыстар санатына жатады. Сотталған адамның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот жас балалары бар екенін ескеріп, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот сотталушыға 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды", - деп хабарлады әскери сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу