Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі "ОҚО-ның мал шаруашылығындағы жетістіктері" тақырыбындағы медиа апталық аясында Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарындағы бірқатар шаруа қожалықтарына өңір тілшілері үшін ақпараттық тур ұйымдастырды. Облыс әкімінің тапсырмасына орай ұйымдастырылған шарада БАҚ өкілдері үлгілі кәсіпкерлердің бизнесті бастау тарихымен танысып, одан көріп отырған пайдасы туралы сұрап білді.
Журналистер үшін ұсынылған бірінші нысан Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылындағы биязы жүнді қой өсіретін "Самат" шаруа қожалығы болды. 2001 жылы құрылған қожалықтың төрағасы Самат Тұрғараев есімді кәсіпкер. Бүгінде мұнда 3 мыңға жуық биязы жүнді қой өсіріледі. Серіктестік ұжымы 2006 жылы "Оңтүстік Қазақ мериносы" статусын алса, 2010 жылы "Жергілікті қазақ жылқысы" статусын иеленген. Ал 2011 жылы етті бағыттағы "Асыл тұқымды мал" ірі қара мал шаруашылығы статустарын алған. Шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 12 тоннаға жуық биязы жүн өндіреді.
Жалпы, облыста 32 мыңға жуық биязы жүнді қой өсірумен айналысатын 20 шаруашылық бар. Олардың басым көпшілігі Сарыағаш пен Қазығұрт ауданында орналасқан. Ал жүнді қайта өңдейтін Шымкент қаласында екі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар - "Шымкент Кашемир" ЖШС мен "Қуат-2002" ЖШС. Аталған кәсіпорындар былтыр 1200 тоннаға жуық жүнді сатып алып қайта өңдеген. Өңделген жүннен киіз және жылу сақтайтын өнімдер шығарылады. Биыл 117 тонна биязы жүнге әр келісін 130 теңгеден, жалпы 15,2 млн. теңге субсидия беру жоспарлануда.
Мұнан соң, тілшілер тобы Сарыағаш ауданындағы құс өсіретін "Бесқара" ЖШС-нде болды. Төрағасы Мұрат Әбдібаев болып табылатын құс фабрикасы 2015 жылы жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Фабрикада жылына 20 млн дана тағамдық жұмыртқа өндіріліп, облыстағы аудан, қалаларға жөнелтіледі.
Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында 30-ға жуық құс фабрикасы болса, онда бүгінгі таңда 1,3 млн. бас құс өсіріліп, жылына 180 млн данаға жуық жұмыртқа алынады. Тағамдық жұмыртқалар, негізінен, өзіміздің облыста саудаланады.
Аудандарға пресс-тур кезінде журналистер барған соңғы шаруашылық Сарыағаштың Дарбаза ауылындағы асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара малдарды өсіру және сүт өндірумен айналысатын "Фирма Сакен" ЖШС болды. 2004 жылы жұмысын бастаған қожалықтың төрағасы Шәрікүл Байғазиева бұл шаруашылықты жеке қаражатына - 2 млн. теңгеге ашқан. Бүгінде мұндағы 594 ІҚМ-ды күтіп-бағу үшін 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тоннаға жуық сүт өндіріп, оны облысымызға сатады.
Облыста сүт өндіретін 800-ге жуық шаруашылық бар. Басым көпшілігі Сайрам, Шымкент қаласында орналасқан. Ағымдағы жылы мемлекеттен жалпы сүт өндірісі құнын арзандатуға 372,5 млн. теңге қаражат қаралуда.