Түркістан облысындағы Қазығұрт бауырын мекендеп отырған ауыл тұрғындарын экологиялық мәселелер алаңдатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оған ауыл іргесіндегі кен орны себеп. Бүгінде тау бауырында 30-ға жуық елдімекен бар.
Дәл іргесінде күнде жарылыс болатын Ақбастау ауылының тұрғындарына жер сілкінісі таңсық емес. Себебі олар 62 жылдан бері бұған үйренген. Үйлерінің қабырғасы шытынап, қаусағанына да көнген. Қанша жылдан бері кен орны цемент шикізатымен қамтамасыз етіп отырса да, бұл ауылдар түзу жолға жарыды деп те айту қиын. Бірақ тұрғындардың шағымы бұл емес, тіпті экологиялық зардаптар үшін әр тұрғынға ақша төленуін де талап етіп отырған жоқ, алаңдататын басты проблема – ауызсу, денсаулыққа төнген қауіп.
Аумақта Нұхтың кемесін тоқтатқан тауды кеміріп, тауысуға айналған Шымкент қаласындағы цемент заводына тиесілі тас алатын 2 карьер ("Северный", "Южный") орналасқан. "Северный" карьер жұмысы 1959 жылдан басталған, яғни тас алынып отырғандығына 62 жыл толды. Сол кездегі экологиялық сарапшылардың жобасына сүйенсек аталған бөліктен тас алу 50 жылға ғана жоспарланған және теңіз деңгейінен 900 метр тереңдіктен аспауы керек еді.
"Киелі Қазығұрт" қоғамдық бірлестігінің өкілдерінің айтуынша, 1993 жылғы экология сарапшыларының берген қорытындысына сәйкес қазу жұмыстары 913 метр тереңдікке жеткенде тоқтатылуы керек болатын, қазіргі таңда оның тереңдігі 950 метрден астам мөлшерде.
"Тіпті соңғы 20 жылда жасалынған экологиялық сарапшылардың қорытындылары бізде жоқ, көрген емеспіз",– дейді қоғамдық бірлестік белсенділері.
Осы аралықта Қазығұрт тауы аумағында 50-ден астам бұлақ жойылып, таудан түсетін су сарқылған. Қазығұрт тауының аумағындағы елдімекендерде ауыз су көлемі тапшылық жағдайына жетті. Сонымен бірге, осы кезеңге дейінгі аралықта көптеген табиғи өсімдіктер мен жануарлар жойылған.
"Экологиялық мәселе киелі Қазығұрт тауының болашақта тау қалпын жоюға алып келеді",– деп алаңдайды тұрғындар.
Қазіргі таңда "HEIDELBERGCEMENT GROUP" компаниясына қарасты "ШымкенЦемент" АҚ жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттері арқылы қолданыстағы Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік-құқықтық актілерін бұзып отыр.
1. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VІ ҚРЗ 25 бабында көзделген нормалары сақталмауда, яғни:
- "Северный" карьері Ақбастау елді-мекенінің үстінде тұр, ол елді мекеннен бір мың метр қашықтықта орналасуы керек;
- елді-мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жерасты сулары алынуда;
- "Северный" карьері ата-бабаның қабірлері мен зираттарының үстінде орналасқан, ол жүз метр қашықтықта іргелес жатқан аумақтарда болуға тиіс.
2. "Қазақстан Республикасының Экология кодексі" Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI ҚРЗ Кодексінің 3 бабының нормаларына сай, "қоршаған ортаны, экологиялық, рекреациялық құндылықты білдіретін аумақтар мен объектілерді сақтау, экологиялық заңнамаларды сақтау жөніндегі" міндеттер орындалмауда.
"Біздерде соңғы жасалынған экологиялық сараптаманың жүргізілгендігі жөнінде және Түркістан облысы әкімшілігі мен "HEIDELBERGCEMENT GROUP" компаниясына қарасты "ШымкенЦемент" Акционерлік қоғам арасында соңғы жасалынған келісім шарт жөнінде де мәліметтер жоқ. Тиісті мекеме мен органдар заң шеңберінде мүлдем ақпарат бермеген. Халыққа тиісті ақпараттар берілмеген",– дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Касымбаев А.Е.
3. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VІ ҚРЗ бұзылып отыр. Аталған аумақта Көзді ата киелі орны бар, ол қорғауға алынған тарихи-мәдени мұра ретінде қорғалуға жатады. Алайда бұл заң нормасы орындалмай отыр, мұндай жағдайда осы заңның 30-бабын басшылыққа ала отырып, аумақтарды игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында "Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынуға" тиіс.
"Сондықтан жоғарыда көрсетілген негіздерге сүйене отырып Төлеби ауданы Қазығұрт тауындағы "Ақбастау" елдімекенінің жанында орналасқан "Северный" карьері орналасқан жерден жер асты суын алу мен қазбаны алу жұмысын тоқтату жөнінде қажеттілік туындап отыр. Оған жеткілікті негіздер бар",– деп санайды белсенділер.