Жаңа әлеуметтік кодекстің таныстырған министр Тамара Дүйсенова құжатты Еуропалық одақтың тәжірибесіне сүйеніп әзірлеп, бірақ Қазақстанға бейімдегенін айтты. Кедейлік қысқан отбасыларға Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі 2025 жылдан бастап өзгереді. Бұл жерде кедейлік шегі қазіргідей ең төменгі күнкөріс деңгейі емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады. Бүгінде АҚШ, Швеция, Франция сияқты 8-ден астам ел осы көрсеткішті пайдаланды екен.
Айта кетейік, Қазақстанда медианалық кіріс 2021 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 55 мың теңге болды. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есеге жоғары. Яғни, жәрдемақы сомасы өседі деген сөз, есесіне оны алатындарға жаңа міндеттемелер жүктелмек.
Атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді
"Енді атаулы көмек қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылмақ. Екіншіден, қолданыстағы әлеуметтік келісімшарттың жаңа мазмұны, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру қарастырылып отыр. Мысалы, мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті", деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы өседі
Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылатын болады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі, әрі олар "Алтын алқа" және "Күміс алқамен" марапатталған аналар деген жаңа статусқа ие болмақ.
Осылайша, кепілдендірілген мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артады. Бірақ,Тамара Дүйсенова жәрдемақы беру арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкін емес деді. Оның айтуынша, әлеуметтік көмек тек отбасының қиын жағдайдан шығуы үшін уақытша беріледі.
"Біз азаматтарға жәрдемақы беріп, олардың жағдайын жасай алмаймыз. Азаматтарға берілетін ең жақсы әлеуметтік көмек жұмыс. Жұмысы болып, еңбекақы алып отырған адамға ешқандай жәрдемақы керек емес. Сондықтан біз жәрдемақыны мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана береміз. Жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, қосымша оқу, жұмыс, грант, кредиттер бәрі қосылып, отбасыны сол қиын жағдайдан шығаруы керек. Егер дүние жүзіндегі елдердің бәрінде тек жәрдемақымен жағдай дұрысталып кететін болса, барлық мемелкет соны қолданар еді", деді Т.Дүйсенова.
Болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау
"Тағы бір маңызды мәселе зейнетақымен қамту. Бұл жердегі басты проблема - құрметті демалысқа 2038 жылдан кейін шығатын болашақ зейнеткерлер. Олардың жағдайы қиындау, өйткені 98 жылға дейін еңбек өтілі жоқ", деді министр.
Мәселені шешпекке болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдан бастап қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі.
Яғни, жұмыс беруші ай сайын өз қалтасынан зейнетақы қорына жұмысшы жалақысының 5 пайызына тең жарнаны қорға аударып отырады. Осылайша, болашақ зейнеткерлер табысына сәйкес лайықты зейнетақымен қамтамасыз етіледі деп сендірді министр.