Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша түзетулер енгізу заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заң денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіруге, ойын бизнесін реттеуге және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмауға бағытталған.
Құжатта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың функцияларын нақтылауға, жарнаманы орналастыруды басқаруға және ойын бизнесі саласындағы адамдардың белгілі бір санаттарына шектеулер белгілеуге, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнаманы жаңартуға қатысты түзетулер ұсынылады.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске уәкілетті органның өкілеттіктерін нақтылайтын және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер көздейтін өзгерістер енгізілді.
"Жарнама туралы" Қазақстан Республикасының Заңына арнайы белгіленген аумақтардағы букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға рұқсатты қоса алғанда, ойын бизнесі жарнамасының таралуын шектейтін түзетулер, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларына құмар ойындарының жарнамасын таратуға тыйым салатын нормалар енгізілді. "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында бас бостандығын шектеуге сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдар үшін құмар ойындарға қатысуға тыйым салу белгіленген", - делінген қорытынды құжатта.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңда реттеуші органдардың функциялары нақтыланды.
Айта кету керек, былтыр депутаттар құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімін толықтыруды ұсынған болатын.