"Келмеске" кеткендер баспана кезегінде тұрған

529

Әлеуметтік желі қолданушыларына баспана алуда кеңесі мен көмегін қатар беріп жүретін dauletten.kz-тің парақшасынан Жамбыл облысында заңды құқығы жоқ 5500-ден астам адам баспана кезегінде тұрған деген жазбасын көріп, бірден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабарласты.

"Келмеске" кеткендер баспана кезегінде  тұрған Фото: inbusiness.kz

Департамент мамандары бұл мәліметті растап отыр. Жүргізілген мониторингтік тексерулер осындай фактілерді анықтаған.

Осылайша, тұрғын үй қатынастары саласында ЖАО-ның құрылымдық бөлімшелері тарапынан "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңнамада көзделген кезекте тұрғандардың тізімдерін өзектендіру бойынша іс-шаралар жүргізбейтіні белгілі болып отыр.

Зерделеу кезінде кезекте тұрғандардың ішінде заңсыз жолмен тіркелгендері – 5 725-тен астам. Тіпті баспана алу үшін кезекке жазылғандардың 257-і "келмес" сапарға кеткендер болып шықты.

Кезектегі былық мұнымен бітпейді. Онда қайтыс болғандармен бірге әртүрлі жылжымайтын мүліктері бар – 3 415, мұқтаж ретінде есепке қойылғаннан кейін некеге тұрған – 1 955, өзі басқа елде тұрып жатқан – 17, Жамбыл облысында тіркелмеген 81 азамат бар болып шықты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті осы мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудандардың әкімдеріне мониторинг нәтижелерін жолдады. Қазір департаменттің араласуы нәтижесінде кезектен 1 075 адам алынды. Қалған 4 650 бойынша қазіргі уақытта оларды кезектен шығару мәселесі қаралып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу