Көлік министрі Марат Қарабаев Құрық портының жанында салынатын кеме жасау зауытына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы ондай зауыт салу үшін 250-300 млн доллар қажет. Осыған қазір қызығушылық танытып отырған компания 2025-2026 жылға жоспарлап отыр. Ол анық салынады деп шешім қабылданған жағдай емес. Өйткені бізде қажеттілік небары 7 бірлік кеме. Яғни, 300 млн доллардай салып, 7 бірлік кеме құрастырғанымен, ол өзі салған ақшасын қайта кері қайтара алмайды", – деді министр редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Айтуынша, бүгінгі таңда осы компаниялар жан-жақты талдау жасап жатыр.
"Оның ішінде әскери кемелер шығарса, соның есебінен біраз ақшасын қайтарып ала ма дегендей. Одан соң алдағы уақытта кемелерді жөндеу жұмыстарымен айналысса, қанша ақшасы қайтарылады. Өзінің бизнес моделін құрастырып, әрі қарай жұмыс істеп жатыр", – деді Марат Қарабаев.
Айта кету керек, осыған дейін түркиялық компаниялар елімізде кеме жасау зауытын салатынын жазған болатынбыз.