Бұл деректі "BMJ Global Health Journal" журналы жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл талдауда 12-34 жас аралығындағы 20 мыңға жуық адам қатысқан 33 зерттеудің мәліметі қаралған. Зерттеушілер қатты музыканың басты 2 себебіне мән береді. Олар – құлаққаптар және жеке тыңдау құрылғысы мен жанды музыкалық іс-шаралар.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жастар мен жасөспірімдердің 24%-ы музыканы өз құрылғысында өте жоғары дыбыста тыңдайтынын ашық айтқан. Сондай-ақ, 48%-ы музыканы концертте не клубта қауіпті дыбыста еститінін жасырмайды. Бұл екі жайт уақыт өте келе құлақтағы шуға не есту қабілетінің тоқтауына әкеліп соғады. Сондықтан, мамандар дабыл қағуға мәжбүр.
Америкалық пен еуропалық зерттеушілер тобы қатты дыбысты музыканы тыңдау арқылы тиннитус және NIHL секілді есту мәселесі туындайтынын айтуда.
Әлемде 12 мен 34 жас аралығын 2,8 миллиард адам бар десек, мақала авторлары осы жастағы жандарда есту қабілетінің жоғалуы көбейгенін ескертеді. Яғни, 1,4 миллиард жастың саңыраулыққа сәл қалып тұрғаны айтылады.
Жаңа зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2015 жылғы есебін назардан тыс қалдырмайды. Онда шамамен 1 миллиард жасөспірімнің саңыраулыққа бір табан жақын екені жазылған-ды. Зерттеушілер мақала арқылы әр адамнан өз денсаулығына жанашырлық танытуын сұрайды. Әйтпесе, кереңдіктің әлемді кеңінен жайлай беретін түрі бар.