"Кешір, Асеке...": Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаев туралы ойландырарлық жазба қалдырды

3768

Танымал актер Бекжан Тұрыс өмірден өткен досы Асқар Наймантаев туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кешір, Асеке...": Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаев туралы ойландырарлық жазба қалдырды Фото: @askar.naimantaev / teznews.kz

Ол жазбасында марқұм Асқар Наймантаевтың өнерге деген адалдығын айтыпты.

– Зымыраған уақыт-ай... Туған даласы мен туырлығы биік тауларына тынымсыз шапқылап, перзенттік болмысымен өзі қайта жаңғыртқан "Халық театры" дейтін аса күрделі, қанатты, қуатты өнердің өрісін көркейтіп, Қазақ дейтін туған халқына бойында барын өнері арқылы сарқа ұсынған Асқар бауырымның да қырқы кеп қапты.

Халқының сахна мәдениетінің жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеп, өнер деген қасиетті мекенге қаршадайынан кіріп, миуалы бағының жемісін жеп ержеткен Асекең қазақ өнеріне қал-қадірінше үлес қосты. Өнер үшін өмір сүрудің не екенін дәлелдеді.

Ешқашан мәселесі бітпеген қазақ мәдениетінің жыртығын жамасам, ортайғанын толтырсам деп жанталасты. Жұдырықтай жүрегін өнер үшін аямай ауыртты. Еңбегімді біреу көрсін, бағаласын деген жоқ, өзімнің азаматтық парызым деп ұқты. Даңғазашылар, дабырашылар, қиқушылар, "ұргөппелер" көбейген заманда өнерді өмірдің өзі деп ұғып, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерін тек ұлы мәртебелі өнерге арнап, ауыл мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, Халық театрының кемелденуіне аянбай еңбек етті.

Ішкен асын жерге қойып, керек кезінде алыс-жақын деп көлік таңдамай, бап тілемей, таксилетіп жолға шыға беретін. Бір күн Қарадалада жүрсе, бір күн – Нарынқолда, бір күн – Қаракемерде, бір күн Алматыда жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаңалық пен жақсылық атаулыны іздеумен жүретін Асқар әмбебап еді... Ұстаздығы, режиссерлігі, жазармандығы, актерлігі – осының бәріне қабілеті бірдей еді. Ешкімге жалтақтап-жалбаңдамай, сыртқа момын ғұмыр кешіп, өмірінің баянын өнермен өрді.

Ол ел-жұртының дәстүрін, салт-санасын, әдеп-ырымын, ұлтының эстетикалық талғамын, ұлттық мәдениетін жеке басының күйкі тірлігінен жоғары қойды. Жаратылысынан біткен сабыр мен салмағын сақтай отырып, кез келген қоғамдық ортада өзінің ойын бүкпесіз айтып, әзіл мен қалжыңның ілгек түймелерін ағытып отыратын. Тірлік қанжығасында жүріп айтқан көп сөзі көзі тірісінде аңызға айналды.

Ел мүддесін екі елі естен шығарған жоқ. Бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді ғой, арманы көп еді... Амал қанша...

Жалған дүниедегі сағым бейнесі енді тек еске алумен ғана жұбаныш болып отыр. Шарасыздықтан тарыққан көңіліңе кеңшілік көрсете алмаған кездеріміз болса, кешір, Асеке... – деп жазды Бекжан Тұрыс желідегі парақшасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу