Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кәсіпкерлермен қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру мәселесін талқылады.
Іс-шараға ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, "Атамекен" ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев және бизнес-қоғамдастық өкілдері, атап айтқанда машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сүт, тау-кен, металлургия, астық, электр энергетикасы, алкоголь және темекі өндіру салаларында жұмыс істейтін компаниялар қатысты.
"Біздің Министрлік ұсыныстарға әрқашан ашық. Жаңа Салық кодексін әзірлеуге барлық мүдделі тараптар қатысуда. Біз бизнес саласында ҚҚС-ты көтеру бойынша сұрақтар туындап жатқанын түсінеміз. Сондықтан барлық айтылған идеялар мұқият қарастырылады", - деді министр.
Талқылау барысында "Атамекен" ҰКП және бизнес өкілдері атап өткендей, ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарылауы инфляциялық процестерге әсер етеді. Райымбек Баталовтың сөзінше, бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді және қазіргі уақытта жаңа Салық кодексінің барлық мәселелерінің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі тәсілдерді, сондай-ақ қаржылық-экономикалық есептерді бірлесіп пысықтау туралы уағдаласты. Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау бойынша кездесулер жалғасатын болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин елде қосылған құн салығы көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеген.