Қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот басталады

1286

Сот алқа билердің қатысуымен жүргізіледі. 

Қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот басталады

Жаңаарқа ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевты өлтіруге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жетті. Қылмыстық істі алқа билер соты қарайтын болды . 

"29 шілдеде істі қарайтын алқа билер сотын іріктеп алу болды. Он негізгі алқа билер соты  таңдап алынды . Қазіргі уақытта іс судья Қайрат Қасымовта", – деп мәлімдеді Қарағанды қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі. 

Қоғам белсендісінің өмірін қиған қылмыстық іске қатысты басты сот отырысы  Қарағанды қаласында 17 тамызда  өтеді. Сотта жәбірленуші тараптан жауап алынады.

Сот отырысы карантинге байланысты онлайн режимінде өтеді. Айыпталушы ретінде төрт күдікті сот алдында жауап береді. Оларға кісі өлтіруді ұйымдастыру, оны орындау, Ғалы Бақтыбаевты ұрып соғу, травматикалық қаруды сақтау, бұзақылық жасау айыптары тағылуда. 

Еске сала кетсек, Жаңаарқа ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылы 28 мамырда түн ішінде үйінің алдында атып кеткен. Марқұм сол күні жұбайымен бірге қонақтан қайтып келе жатқан еді. Жұбайы Ғалы Бақтыбаевқа оқ тиген бойда үйге жүгіріп кіріп, есікті жауып үлгерген.

Ғалы Бақтыбаев көзі тірісінде ауданда болған талай әділетсіздік пен жемқорлық жайында ойын ашық айтып, көп жағдайда қарапайым халықтың қамын күйттеген. Тіпті жерлестері оны "мандатсыз депутат" деп атап кеткен еді. 

Күдіктілер ұсталғаннан кейін марқұмның туыстарымен қоса  айыпталушы тарап та  Президенттен қылмыстық істің әділ тергелуін сұраған. Ал тапсырыспен кісі өлтірді деп ұсталған күдіктінінің бірі бұған дейін қамауда жатып аштық жариялаған. Ол осылайша қылмыстық істің тергелу барысына көңілі толмағанын жеткізіпті.

Арайлым Еркебаева 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу