Алкогольді ішімдік ішіп қоғамдық тәртіпті бұзғандар бұдан былай түзету жұмыстарына жегілсін. Мұндай ұсынысты солтүстікқазақстандық полицейлер көтерді, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.
Өйткені соңғы кездері әкімшілік айыппұлдарын төлемейтіндердің саны артқан. Мәселен 2016 жылы облыста 12 мыңнан астам адамға әкімшілік хаттама толтырып, оларға жалпы сомасы 114 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Ал оның бүгінгі күні тек 51 пайызы ғана мемлекет қазынасына түскен. Сондықтан бұл мәселе аймақта өзекті болып отыр.
"Бүгінгі күні спирттік ішімдік ішіп қоғамдық тәртіпті бұзғандардан айыппұлдарын өндіріп алу қиынға соғып отыр. Өйткені мұндай азаматтарға айыппұл бір емес, бірнеше мәрте салынған. Оның үстіне көбі жұмыссыз. Сондықтан бұл жандарды түзету жұмыстарына тарту қажет. Міне заңнамаға осындай өзгертулер енгізілсе құба-құп болар еді", - дейді облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Қанат Айтбаев.