Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров техникалық қарасора егуге рұқсат берілмес бұрын мемлекеттік реестр жасауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл техникалық қарасора болғанмен, бәрібір қарасораның құрамында есірткі бар. Біз инвесторларды тауып, олармен жұмыс істеп жатырмыз деп айттыңыз. Осы инвесторлар қандай критерийлер бойынша қарастырылып жатыр? Бұл қоғамға өте қауіпті шөп болғандықтан, оның белгілі бір мемлекеттік реестрі болу керек. Сіздер техникалық қарасора егуге рұқсат берген кезде мемлекеттік реестр жасадыңыздар ма? Шөптің мына түрі қауіпті, мына түрі қауіпсіз деген тәрізді. Меніңше, бұл мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Қазір мемлекетаралық шекараның барлығы ашық, сондықтан Қазақстан есірткіге байланысты тәуекел тобына жататын азаматтарға тартымды елге айналып кетпей ме деген үлкен сұрақ бар", - деді депутат Ерлан Саиров.
Ішкі істер вице-министрдің сөзінше, биыл 19 ақпанда инвестиция тарту жөніндегі кеңесте қарасора өндірісін дамыту туралы тапсырма берілген.
"Өнеркәсіпте пайдаланатын қарасораға келсек, тетрагидроканнабинолдың құрамы 0,1-ден 0,3-ке дейін ғана пайызы бар. Ал егер қылмыстық жауапкершілік тудыратын қарасораға келетін болсақ, бұл Шу өңірінде жабайы түрде өсетін өсімдіктің құрамында тетрагидроканнабинолдың құрамы 15 пайызға тең. Сол себептен ешқандай қауіп болмайды. Бұдан бөлек біз лицензиат ретінде осы жұмыс қатаң бақылауда ұстаймыз. Бізде тоқсан сайын жедел профилактикалық шаралар өткізіледі. Қарасораны өндіру процесін міндетті түрде толық бақылауда ұстаймыз", - деді Санжар Әділов.
Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда бірнеше компанияға қарасора өсіруге мүмкіндік берілгенін жазғанбыз.