"Қойыңдар, өлтіресіңдер ғой!" – Шерзат ісіндегі куәгер

Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.   

"Қойыңдар, өлтіресіңдер ғой!" – Шерзат ісіндегі куәгер Фото: zhogargy sot

Сотқа куәгер ретінде "Қамажай" дүкеніне қарсы орналасқан көпқабатты үйдің тұрғын Сәкен Әкежанов та шақырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол сот барысында өзін видеоға түсірмеуді сұрады, сондай-ақ оқиға туралы көргенін жасырмай баяндауға антты оқып, қол қойды. Содан соң мемлекеттік айыптаушы одан сол күні не көргені туралы сұрақ қойды. 

– Мен үйде ұйықтап жатқанмын. Екі тарс еткен дыбыс естілді. Мен мотокцикл деп ойладым, өйткені жастар соны айдайды. Сосын әйелдің дауысын естідім. "Скорый" шақырыңдар, көмектесіңдер" дегендей болды. Балконға шықсам, он шақты жігіт жүгіріп бара жатыр екен. Бір жігітті тепкіледі. Мен айғайладым сосын "қойыңдар, өлтіресіңдер ғой!" деп. Басқа ештеңе көрмедім, – деді куәгер.

Сотталушылардың қорғаушылары куәгердің тергеу кезіндегі жауабына сілтеме жасап, сол жерін нақтылауды сұрады.

"Көргенім, бір жігіт жалғыз жүгіріп бара барып, отырып қалды. Қасында әйел адам болды. Содан кейін бір топ адам келіп, оны соққыға жықты, сөйтіп арасында біреу сол отырған жігіттің қолында болған затты тартып алып, өзін сол затпен ұрды" деп жазғансыз деп еске салды ол. 

– Қолынан алды ма, жерден алды ма, түсінбей қалдым. Бір затты алды да, сол затпен басынан ұрды, – деп нақтылай түсті куәгер.

Бұған дейін Сәкен Әкежанов сотта "әйелдің ойбайлап жатқан дауысын естідім" деп жауап берген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу