Көкпар тартып, жүйрік жаратып, асауды бас білдірген қордайлық ару

1339

Кішкентайынан жылқының жалында өскен Жания Сатылғанова бүгінде белгілі ат бапкеріне айналған. 

Көкпар тартып, жүйрік жаратып, асауды бас білдірген қордайлық ару Фото: кейіпкер

Жамбыл облысында сәйгүліктері бәйгенің алдын бермей жүрген ат ұстайтын азаматтар өте көп. Әсіресе қазыналы Қордай өңірінде ат спорты қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ауданның шапқанда шашасына шаң жұқтырмас жүйріктері, көкпарда доданың дуын қыздырып, атағы алысқа кеткен арғымақтары жайлы түнді түнге қосып, таңды таңға жалғап айта беруге болады. Басқасын қоя тұрып, "Алтын тұлпар" аламанында екі мәрте топ жарған, аты әлі күнге дейін ел аузында жүрген, бірнеше деректі фильм мен мақаланың арқауы болған "Самалды" айтсақ та жеткілікті. 

Одан бөлек ауданнан тұлпарды тұрысынан танитын ат бапкерлерінің көп шығуы аймақта ұлттық спорттың көкжиегінің кеңейе түсуіне көп ықпалын тигізуде. Бәрінен де маңыздысы, аймақтан аға буынның ізін жалғап жас атбегілердің үркердей қалың шоғыры өсіп келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен бүгінде жаратқан жүйріктері бәйгенің алдын бермей жүрген қордайлық

Жания Сатылғанованың есімі қазақ-қырғыз атбегілеріне жақсы таныс. Кішкентайынан жылқының жалында өскен Жания бүгінде белгілі ат бапкеріне айналған. 

Жания Жақсыбайқызының айтуынша, атасы Мұратхан Қартабаев та ауданға, елге белгілі атбегілік өнердің өкілі. Атасының тәрбиесінде өскен Жания да жастайынан қазақы тәрбиеге сусындап, атбегілік өнердің қыр-сырына қанығып өседі. 

"Қателеспесем, ең алғаш рет 18 жасымда Қордай ауылындағы наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бәйгеге шаптым. Араға жыл салып, үздіктердің үздігі ғана қатысатын Қазақстан Республикасы Президентінің кубогында бақ сынадым. Дегенмен жорға жарыста тізгіндеген жүйрігімнің бабы келіскенімен, бағы жанбай, алтыншы орынды місе тұттық. Жалпы барлығы онға жуық жорға жарыста бағымды сынап, көбінде жеңімпаз атандым. Сонымен қатар отыздан аса қыз қууға шығып, бәрінде жеңіске жеттім.

Атбегілікпен айналысудан бөлек көкпар тартып, бәйге шапқанды жаным жақсы көреді. Осы уақытқа дейін 20-ға жуық асауды бас білдірдім. Асау үйретіп, көкпар шауып жүргенде түрлі дене жарақатын алған кездерім де болды. Бірақ жылқыны жанымнан қатты жақсы көретіндіктен сүйікті ісімнен бас тарта алмадым", - дейді Жания.

Жанияны осыдан бірнеше жыл бұрын ат баптау үшін Ресейге арнайы шақырғандар да болыпты. Алайда белгілі бір себептермен ұтымды ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болыпты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу