Көкшетауда адамды көлігімен басып кеткен әйелдің күйеуіне рақымшылық жасалды. Ақпаратты өңірлік полиция растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қайғылы оқиға 9 мамыр күні Көкшетаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Желіде тараған бейнежазбадан көліктің тротуар маңында тұрған әйелді қағып кеткеннен кейін ғана тоқтағаны көрінеді.
"Көлік құралының иесіне қатысты қылмыстық іс жеке іс жүргізуге бөлініп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тергелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағының негізінде (рақымшылық актісін қолдануға байланысты) қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды", – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, бұған дейін Көкшетауда жалғызбасты ананы басып кеткен әйел 2 жыл 6 айға сотталғанын жазғанбыз. Жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды. Күдіктінің күйеуі де жазалануы мүмкін екені айтылды.