52 жастағы әйелдің жол талғамайтын көліктің астында қайтыс болуы тұрғындар қауіпсіздігін бірінші орынға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бір сорақысы, рөлдегі әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған және ол автомектепте де оқымаған.
Қайғылы жағдай 9 мамыр күні қаладағы Сарыарқа шағынауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында тіркелген. Видеодан көліктің әйелді тротуар маңында қағып, толықтай басып өткен соң ғана тоқтағанын байқау қиын емес.
Көп кешікпей, Ақмола облысы полиция департаменті көлікті басқарған әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлім етті. Ал 11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
– Тергеу барысында күдіктінің көлік жүргізуге құқығы болмағаны анықталды. Ол арнайы жүргізуші курстарынан да өтпеген, – деп хабарлады полиция.
Осы себепті, полиция көлік иесіне, яғни күдіктінің жұбайына қатысты да қылмыстық іс қозғап отыр. Өйткені, ер адам жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға бергені үшін жауапқа тартылмақ. Заң бойынша бұл бап бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырады.