Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатыр

1002

АШМ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биыл егіс алқаптарының болжамды құрылымы 22,9 млн гектардан асады. Былтырғымен салыстырғанда бұл 13,5 мың гектарға артық.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қалай жүріп жатыр

Егуді қамтамасыз ету үшін тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылған. 1,5 млн тонна тұқымға сараптама жүргізіліп, оның 99%-ы кондициялы деп танылған. Егіс стандартының 1 және 2-сыныбына 89,3%-ы сәйкес келеді.

"Техниканың дайындығы шамамен 90%-ын құрайды. Бұл ретте 143,3 мың трактор, 4,7 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешендері, 76,9 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна көлемінде ЖЖМ бөлінді. Отандық минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен аграрийлердің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Минералдық тыңайтқыштарды енгізу 695,0 мың тонна деңгейінде жоспарланып отыр, бұл 2021 жылдың қорытынды көрсеткішінен 68,5 мың тоннаға артық, облыстардың жергілікті бюджеттерінде субсидиялауға 26,8 млрд теңге көзделіп отыр", – деп жазылған хабарламада.

2021 жылы әлемдік нарықта минералды тыңайтқыштар бағасы айтарлықтай өскен. АШМ-нен айтылғандай, осы себептен биыл бюджет қаражаты тапшы болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Кең дала" бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдікпен несиелендіруге 70 млрд теңге бөлініпті, ал азық-түлік корпорациясын форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталған. Осы бағдарламалар бойынша өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр.

"Фермерлерді қолдау мақсатында көктемгі егіс жұмыстарына бюджеттік несиені республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту мәселесі қарастырылуда", – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу