Бұл туралы "QazAvtoJol" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің басшысы Маржан Ордабай хабарлады.
"2020 жылдың 10 маусым күні шамамен түскі сағат 14:30-15:00 аралығында Алматы-Қапшағай автожолының 34 шақырымында қоқыс тастайтын полигонда өрт басталды (себептері анықталуда). Оқыс оқиға туралы ақпарат бірден өрт сөндіру қызметіне жолданды. Жалын от "Алматы-Қапшағай" автожолының 33-35 шақырымында 8 автокөліктің өзара соғылысуына себепші болды. Үш адам жарақат алып, 1 адам ауыр халде. Сағат 16:30-16:40 аралығында оқиға орнына өрт сөндіру қызметі, жол полициясы мен жедел жәрдем қызметі келіп жетті", – деп хабарлады ол .
Жол полиция қызметкерлері көз аштырмас түтінге байланысты екі бағытта да көлік қозғалысын уақытша шектеуге мәжбүр болған. Қазіргі сәтте жағдай әлі де күрделі, төтенше жағдай департаменті және жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жұрыс істеуде.
Еске сала кетсек, 10 маусымда сағат 14:00 шамасында Алматы облысын Іле ауданындағы "Алматы-Өскемен" тас жолының жанындағы тұрмыстық қалдықтар полигонынан өрт шыққан болатын. Тілсіз жаумен күрес жалғасуда, өрт әлі де ауыздықталмаған.
Құралай Құдайберген