Қолайлы орта жасауда көзбояушылық көп – Үкімет басшысы

Елімізде еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың тек 39 пайызы ғана өзіне жұмыс таба алады. 

Қолайлы орта жасауда көзбояушылық көп – Үкімет басшысы Фото: gov.kz

Мүгедектердің тағы бір мұңы – объектілердің қолжетімді болмауы. 

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында мүгедектерге қатысты бірқатар мәселені ашық айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Егер мүгедектігі бар адам жұмыс істеуге қабілеті болса және жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесу керек" деген Үкімет басшысы мемлекеттің арнайы субсидия бөліп отырғанын еске салды. 

– Елімізде 150-ге жуық инватакси қызметі жұмыс істейді. Оған сұраныспен қатар, кезек те өте көп. Сондықтан әкімдіктер инватакси қызметтерін қолдауға, санын артыруға жағдай жасауы керек. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы бос жұмыс орындары бар, электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Осындай жұмыс орындарына мемлекет субсидия беріп отыр. Алайда еңбекке жарамды мүгедектігі бар жандардың тек 39 пайызы ғана өзіне жұмыс таба алады. Еңбек министрлігі әкімдіктер мен бизнеспен бірігіп осы мәселеге ерекше назар аударуы керек. Егер мүгедектігі бар адам жұмыс істеуге қабілеті болса және жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесу керек, – деді ол. 

Сонымен қатар, Премьер-министр объектілердің қолжетімділік деңгейі 45 пайыздан аспайтынын, мүгедектерге қатысты мәселенің көп екенін жеткізді. 

– Ең үлкен проблеманың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың объектілерде емін-еркін жүріп-тұруы. Бұл – айта-айта жауыр болған мәселе. Атқарылған жұмыстар мардымсыз. Объектілердің қолжетімділік деңгейі 45 пайыздан аспайды. Оның үстіне кедергісіз орта қалыптастыру жұмысында белсенді жүріп жатқан қалаларда да көзге көрінетіндей нәтиже жоқ. Мұны мүгедектер арбасымен қозғалатын Еркебұлан Рүстемов әлеуметтік желілерде жиі мәселе етіп көтеріп жүр. Елорданың өзінде көптеген пандус пен ауыспа жолдар қозғалуға мүлдем жарамсыз. Тіпті кейбір пандустар мен ауыспа жолдардан өтер кезінде бесік арбамен жүрген ата-аналар да әлекке түсіп жатады. Арнайы лифтілер мен көтергіштер жұмыс істемейді. Биік бордюрлер жолдан өтуге кедергісін келтіреді. Яғни, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарда көзбояушылық көп. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту керек. Бұл, әсіресе, әлеуметтік объектілерге, дәріханаларға, азық-түлік дүкендеріне және сауда орындарына қатысты,  – деп сөзін түйіндеді Бектенов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу