Көлік жүргізушілері "автогазды жер жұтып қойды ма?" деп жабырқап жүр

Автогаз тапшылығы сырбойылықтарды әбден сенделтіп жатыр.  

Көлік жүргізушілері "автогазды жер жұтып қойды ма?" деп жабырқап жүр Фото: freepik

Жауаптылар жағдай тамыз айы басталғанда ғана қалыпқа келеді деп сендіруде. 
Inbusiness.kz тілшісі бұған дейін cұйытылған мұнай газының жетіспеушілігі туралы жазған болатын. 

Бағдат есімді қала тұрғыны 5-6 газ құятын орынға барғанын, әрқайсысында кемі 40-50 көліктен кезек күтіп тұрғанын айтып ашынады. 

- Газ тапшылығы ай басталар шақта да болған, бірақ дәл қазіргідей емес. Неше күннен бері қаланы шарқ ұрып айналып, көлігіме газ құя алмай жүрмін. Амалсыздан бензинмен жүруге тура келеді. Бұл қалай болғаны, жауаптылар әрекет етуі керек қой. Көпшілік жерде газ жоқ, жер жұтып қойды ма дерсің! Болған күннің өзінде ұзын-сонар кезек, әрі аз ғана беріледі, - дейді ол. 

Жалпы, облыс бойынша 210 автогаз құю бекеті арқылы СМГ сататын 25 оператор тіркелген. 
Қызылорда облыстық полиция департаментінің дерегінше, газбен жүретін автокөліктердің (тіркелгені) саны 2021 жылы – 4528, 2022 жылы – 7290, 2023 жылы 29828 болса, биылғы 6 айда 33908-ді құрап отыр. Яғни, соңғы екі жылдан бері газбен жүретін көліктер 4,5 есеге көбейіпті.

- Қазіргі таңда облыстың жазғы және күзгі мезгілдегі ай сайынғы газ қажеттілігі 9 мың тоннаны құрайды.

Алайда осы жылдың шілде айына 7,4 мың тонна газ бөлінді. Оның ішінде жергілікті "ҚазГерМұнай" зауытынан – 6 мың тонна, қалған 1,4 мың тонна газ көлемі еліміздің басқа өңірлерінен бөлінді. Қазіргі таңда, ҚР Энергетика министрлігімен өңірге қосымша газ көлемін бөлу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде облысқа 570 тонна қосымша газ көлемі бөлінетін болды.

Бүгінгі күнге, облыс бойынша газ толтыру станциялары мен зауытта (ҚазГерМұнай) барлығы 1154 тонна газ қалдығы бар. Оны операторлар күнделікті бекітілген кестеге сәйкес тасымалдауда.

Өңірімізде болған жағдай тамыз айында қалпына келетін болады. Бұл мәселе облыс әкімінің тұрақты бақылауында, - деп жауап берді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, елімізде 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттаған болатын.

Ал қызылордалық көлік жүргізушілері автогаз тапшылығының соңы тағы қымбаттауына әкеліп соқпай ма?" деп алаңдайды. Олардың сұйытылған мұнай газын шарқ ұрып жер-көктен іздеуін "автогазды жер жұтып қойды" деуге келетін сыңайлы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу