Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ақылы автотұрақтардың жұмысына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру туралы ұсынысы қолдау таппады. Премьер-министрдің бірінші орынбасарының сөзінше, бірыңғай мемлекеттік оператор құру экономиканың бәсекелес салаларына мемлекеттің қатысуын қысқарту жөніндегі мемлекет саясатымен үйлеспейді.
Бұдан бөлек Роман Скляр ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудандарда қалдырып, қалған жерлерде алып тастау туралы ұсынысқа да жауап берді.
"Қазіргі уақытта автотұрақтарды ұйымдастыру тәртібі Алматы және Астана қаласы аумағында ғана әкімдердің қаулыларымен бекітілген. Қағидаларға сәйкес автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру және пайдалану құрылыс нормаларының, өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің, санитариялық және экологиялық нормалардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын сақтай отырып жүзеге асырылады. Астана қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың орталық аудандарында, халық тығыз шоғырланған нүктелері көлік тораптарында, сауда ойын-сауық орталықтарында, әкімшілік кешендерде және тағы да басқа жерлерде орналасқан. Елорданың шекаралас аудандарында және әлеуметтік маңызы бар объектілерде (аурухана, емхана, мектеп, балабақша және т.б.) және тұрғын үйлердің аулаларында ақылы коммуналдық автотұрақтар жоқ", – делінген жауапта.
Ақылы коммуналдық автотұрақтарға іргелес орналасқан үйлердің тұрғындарына тегін тұрақ құқығын беретін резиденттік абонементтер беріледі.
Осыған дейін депутат көліктің ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізуді ұсынған еді.
"Алматы қаласы әкімдігінің ақпаратына сәйкес ақылы коммуналдық автотұрақтар қаланың тарихи іскерлік орталығында, сондай-ақ көрікті жерлерге жақын жерде орналасқан. Сонымен қатар Шымкент қаласында және басқа облыстарда автотұрақ ұйымдастыру тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық акт жоқ. Осыған орай қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан астананың және республикалық қалалардың дамуы мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін автотұрақтарды ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыретін беру бөлігінде заңнамалық түзетулер енгізу көзделген", – деді Роман Скляр депутаттардың сауалына берген жауабында.
Айта кету керек, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын ұзартуды ұсынғанын жазғанбыз.