Алматы қаласында әнші, композитор Арман Қайназаровтың өліміне қатысы бар күдікті ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек Алатау аудандық полиция басқармасына тіркеліп, ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Аталған қылмысты жасады деген күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол қамауға алынды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр", деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында композитор Арман Қайназаров 4 қыркүйекте "Шаңырақ" шағынауданындағы кафе маңында жігіттермен төбелесіп, жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тараған болатын.
Кейін оның комаға түсіп, 19 қыркүйекте қайтыс болғаны хабарланды.