Қоғам жаңа Ата заң жобасындағы 320 тармақтың 317-сін толық қолдап отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің міндетіміз тек мыңдаған пікірді жинау ғана емес, нақты жұмыс істейтін құқықтық механизмге айналдыру. Қоғамда әртүрлі пікірлер бар екенін білеміз. Адамдардың сын айтуы, күмәндануы, басқаша мәтіндерді ұсынуы, өткір пікірталастар өрбігенін көріп жатырмыз. Бұл – табиғи жағдай. Кез келген ауқымды тарихи өзгерістер кезінде осындай талқылаудың болғаны маңызды. Сол кезде сапалы шығады. Естеріңізге сала кетейін, Конституция жобасы жарияланғанда әртүрлі пікірлер айтылады", – деді депутат.
Жаңа Ата заң жобасы алғаш жарияланғанда 95 баптан, 320 тармақтан тұрады.
"Бірақ соның ішінде үш-төртеуі туралы ғана қызу талқылау болып жатыр. Қалғандарына азаматтардан қолдау бар. Нақты айтқанда, 5-баптың 6-тармағында қарқынды дамитын қалалар бойынша, 9-баптың 2-тармағы тіл бойынша, 23-баптың 4-тармағы сөз еркіндігі бойынша, 62-бап Құрылтайдың таратылуына байланысты. Сол ұсыныстар түсіп жатыр. Олар әрине өте маңызды. Бірақ барлығын қосқанда бұл бір проценттен жетер-жетпес көрсеткіш. Яғни, қоғам жобадағы 320 тармақтың 317-сін толық қолдайды. Бұл Конституция жобасының 99 пайызын ел қолдайды деген сөз. Басқа тармақтарға азаматтар артық сын айтып жатқан жоқ", – деді Мұрат Әбенов.