Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысының өтініші бойынша шешім қабылдады

936

Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" ҚР Заңының жобасын Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру жөніндегі өтініші бойынша шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz. 

Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысының өтініші бойынша шешім қабылдады

Заң жобасы Конституцияда Республика Президентінің бір мәрте жеті жылдық өкілеттік мерзімін белгілеуді, сондай-ақ ел астанасының атауын өзгертуге байланысты Негізгі Заңның 2-бабына түзетулер енгізуді көздейді.

Конституциялық Кеңестің пікірінше, президенттік және парламенттік сайлау институты мемлекеттіліктің конституциялық моделінің барлық  компоненттерін қозғайтын ерекше конституциялық құндылық. Сол себепті ол мемлекеттің маңызды органдарын жаңартудың тиімді құралы болып табылады. Осы арқылы Республиканың әлеуметтік негізі, халықтың мемлекеттік билік бастамаларын қолдауы нығайтылады.

"Конституциялық Кеңес сайлау науқандары кезеңінде азаматтық қоғамның әртүрлі сегменттері жанданатынына назар аударды. Осы жағдайларда Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген барлық құндылықтар серпінді әрі үйлесімді іс-әрекет етуге тиіс", – деп жазылған Кеңес шешімінің түсініктемесінде.

Бұдан бөлек президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сай келеді деп көрсетілген.

"Президенттік мандатты бір мерзіммен шектейтін Конституцияның 42-бабы 5-тармағының ұсынылып отырған редакциясы аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі. Осы орайда, Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Заң жобасы Конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деп санайды", – делінген.

Конституциялық Кеңес қорытындысының толық мәтіні: gov.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу