Дей тұрғанымен, ол көпшілікті нақты деректерге сүйеніп, мәселенің мәніне үңілуге шақырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біріншіден, қазіргі конституциялық реформа, табан астынан пайда бола салған дүние емес. Бұл Қазақстанның 2022 жылдан бастап қолға алған күрделі саяси өзгерістерінің заңды жалғасы деп түсіну керек. Ол кезде еліміз саяси күйзелістерсіз, біртіндеп эволюциялық реформалар жолымен алға жылжыды.
Екіншіден, қазір халық арасында бірпалаталы парламентке қатысты сыни пікірлердің көбейгенін көріп отырмыз. Осы тұста "Неге дәл қазір бұл мәселе сынға себеп болып, ел Парламенттің тиімділігін талап ете бастады?" деген заңды сұрақ туындайды.
Біз заң шығарушы органның күрделі әрі ауыр жүйесінен бас тартып, қоғам үшін қарапайым әрі түсінікті және жауапты формаларына көшу қажет деп есептедік. Социал-демократтар үшін, бұл көтеріліп жатқан мәселелер ешқандай жаңалық емес деп айтсақ болады. 2013 жылы ЖСДП қабылдаған бағдарламасында унитарлы мемлекет үшін екіпалаталы парламент тиімсіз екені нақты әрі дәйекті түрде айтылған, – деді депутат.
"Халық кеңесі" деген қоғамдық диалог алаңы қалыптаспақ. Азаматтардың жеке ұсыныстарын еркін білдіруге және қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа жоғары консультативтік органды құру ұсынылып отыр.
– Айрықша атап өтетін тағы бір жайт – Конституцияның жаңа жобасында билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады. Президент өкілеттілігі бір рет қана міндеттеліп, тек жеті жылдық мерзім бекітілді. Ал президент өкілеттілігін уақытша атқарушы тұлғаға енді қайта сайлану құқығы берілмейді. Сонымен қатар, келесі президентке Конституцияны өзгертуге парламентті тарату құқығы негізсіз деп танылды, – деп атап өтті Нұрлан Әуесбаев.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығы мәселесіне де жеке тоқталды.
– Қоғам "Ата заңның жаңа жобасы негізінде азаматтардың құқықтары шектеледі" деген алаңдаушылық білдіріп жүр. Десе де, ұсынылған нормаларды мұқият оқысаңыз, адам құқықтарының шектелуі туралы ешқандай ой қозғалмаған.
Атап айтқанда, бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі, сөз бостандығы, өз пікірін айту құқығы – бұрын қалай бар болса, сол күйінде айна қатесіз сақталды. Тек тұжырымдамалар нақтыланып, құқықтық рәсімдеулер түзетілуде. Сондықтан, мұны "шек келтіру" деп көрсетуге негіз жоқ, – деп нақтылай түсті ол.