Қоныс аударушыларға сапасыз үй салынып жатыр – депутат

1032

"Nur Otan" партиясының депутаттары елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшкен қоныс аударушыларға салынып жатқан үйлердің сапасына наразы. Шақырып алып, шатырынан су ағып жататын баспанаға көшірудің мәселелері бойынша олар Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қоныс аударушыларға сапасыз үй салынып жатыр – депутат Фото: azh.kz

"Демографиялық жағдайының қиындығына байланысты республикалық бюджет қаржысы есебінен қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба Қазақстанның солтүстігінде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың, Айыртау және Қызылжар аудандарында өткен жылы қоныс аударушыларға арналған баспаналар сапасыз салынғандығы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өткір сыналды", - дейді депутаттық сауалды оқыған Асқарбек Дүйсембаев.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарланғандығын ескеріп, бір кезде Үкімет жанында болған Көші-қон және демография агенттігін қайтадан құру мәселесін қарастырған жөн. Себебі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті көші-қон мәселелерімен жеткілікті айналысады деу қиын. Аталған агенттікті құру арқылы шетелдерде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да қажет. 

"Соңғы жылдары отандастардың Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аудару процесі баяулап қалған. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты жандандыруға тиіс, өйткені бұл мәселелер мемлекет пен халықтың мүдделері тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлерде қабылдау, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне жүйелі мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға тиісті басшылардың жауапкершілігін қатайта түскен жөн. Қаржы мониторингі агенттігі қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге және оларды жұмысқа қабылдаған шаруашылықтарға төленген субсидияларға жұмсалған бюджет қаржысының мақсатқа сай жұмсалуына қажетті тексеріс жүргізуі керек", - деп түйді сауалын депутат.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу