Көпір құрылысының "жыр" болғанына 10 жылдан асты

392

Тұрғындардың шағымданбаған жері қалмады.

Көпір құрылысының "жыр" болғанына 10 жылдан асты Фото: А.Рысмахан

Мойынқұмдықтардың Радай көпірі апатты жағдайда тұрғандықтан, 25 шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр болып жүргендерін айтып, шағымданбаған жері қалмады.

Он жылдан астам уақытта көпірдің жай-күйімен танысуға Жамбыл облысына әкім болып келгендердің бәрі барды. Одан беріде Мойынқұм ауданында да бірнеше әкім ауысты. Көпір әлі жөнделген жоқ.

Мойынқұм ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, "Лидер Проект Дизайн" ЖШС Радай өзеніндегі көпір құрылысына жобалау-сметалық құжаттарын жобалаушы ретінде анықталған. Жобалық-сметалық құны – 626,4 миллион теңге.

Мемлекеттік сараптама жоба бойынша 2021 жылы 27 қыркүйекте оң қорытынды шығарып берген. Жобаны қаржыландыру бойынша бюджеттік өтінім ұсынылған.

Алайда жоба уақытында мақұлданбай қалған. Сәулеттік бюродан жалпы жобалау-сметалық құнын азайту бойынша ұсыныс беріліп, мәселе созбалаңға салынып кеткен.

Нақтырақ айтсақ, жолды 1- санаттан 4-5 санатқа түсіру және көпірдің енін 12 метрден 7 метрге кішірейту үшін қайта смета жасалған. Жоба құны 412,9 миллион теңгеге құны азайтылып, қайта келісу үшін сәулет бюроға жіберіледі.

Жамбыл облысының даму жоспарына сай, бұл құрылыс 2024 жылға жоспарланып отыр. Жобаның құрылыс монтаждау жұмыстары республикалық және облыстық қаржы көздерінен қаржыландырылмақшы.

Бірақ мамандар Радай көпірінен бұрын алдымен, өзенге судың түсуін реттейтін гидроқондырғы орнату қажет екенін айтады.

Себебі, су реттегіш гидроқондырғы болмаса, көпірді су шайып кетуі мүмкін.

Ал гидроқондырғының жобалық-сметалық құжатын жасаушы "Пана" ЖШС 2017 жылдан бері істі сағызша созып келген. Аудан әкімдігі мердігерді сотқа да беріпті.

Осыдан кейін қозғау болып, гидроқондырғысының құрылысын салу жұмыстарының сметалық құжаттамасын әзірлеуге жобалаушы "Пана 2030" ЖШС-мен №56 келісімшарт жасалған.

Жобаны қаржыландыру үшін тиісті мекемеге құжаттар ұсынылып, 2023 жылдың нақтылауында 190,1 миллион теңге қаржы қаралыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу