Қордайдағы кәсіпкер салған 300 орындық мектеп кәдеге жарамай тұр

469

Әкімдік кәсіпкерге қолдау көрсетпей, теріс айналған.  

Қордайдағы кәсіпкер салған 300 орындық мектеп кәдеге жарамай тұр Фото: damu.kz

Жамбыл облысының Қордай ауданында жеке кәсіпкер салған 300 орындық мектеп кәдеге жарамай тұр. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысының айтуынша, бұған дейін Қордай ауданы бойынша үш ауысымда оқытатын 3 мектеп болған.

Білім саласындағы өзекті мәселені шешу мақсатында аудандық атқарушы билік бірнеше рет кәсіпкерлерге үндеу жасап, демеуші ретінде балалар игілігі үшін білім ұясын салуға шақырады. Тіпті Үкімет тарапынан, әкімдіктен қолдау болады деп сендіреді.

"Аудандағы атқамінерлер қайта-қайта қолқа салған соң сауда саласындағы кәсіпкер әйел сеніп атсалысуға асығады. Сөйтіп, өз қаржысына несие алып, Қарасу ауылынан мектеп салып береді. Бүгінде бала қабылдап, жұмыс істеп жатыр. Алайда оқу ошағы ешкімге қажетсіз болып қалған. Ал ауылдағы бұрыннан бар мемлекеттік мектеп 600 балаға арналған. Бірақ онда сығылысып 1 200 бала оқиды. Сондықтан үш ауысымда оқытуға мәжбүр", – дейді Гүлдара Алданышқызы.

Сонымен былтыр кәсіпкер салған 300 орындық жаңа мектеп қазан айында ашылады. Тиісті лицензиясы бар. Бірақ бүгінде онда 40 бала ғана оқып жатыр екен. Әкімшіліктен ешқандай қолдау жоқ. Қаржы орталығы ешқандай қаржы аудармаған, келісімшарт жасалынбаған.

"Мектепте балаларды тамақтандыруы мен тасымалы тегін. Ата-аналар ақы төлемейді. Заманауи, цифрландырылған жаңа жабдықтармен жарақталған. Кәсіпкер келіншек кредитке кіріп, қарызданып жүрсе де мұғалімдер жалақысын тұрақты төлеп отырғанын айтады. Оның айтуынша, әу баста мектеп салу мүлде жоспарында болмаған. Жергілікті биліктің үгіттеуімен үлкен іске бел буған. Енді келіп әкімдік кәсіпкерге қолдау көрсетпей, теріс айналған. Мен мектепке қатысты мәселені Мәжілісте, Комитет отырысында көтердім. Бұл жерде ақша мәселесі ғана емес, адам тағдыры жатыр. Кәсіпкердің отбасы бар, кәсібінің қаржысын осында құйған соң тірлігі тұралаған. Бұл немқұрайдылық пен немкетті ниет депутаттар тарапынан қатты сынға ұшырады. Жиналысқа Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қатысты. Өкінішке қарай, Қаржы орталығының басшысы (еңбек демалысында болып) қатыспады. Тек өкілі болды. Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы да, орынбасарлары да төбе көрсетпеді. Тек бөлім басшысы ғана болды. Ал аудан әкімдігінен де шенділер көрінбеді. Министрлік "Біз Қаржы орталығымен келісімшарт жасау үшін құжаттарды алуымыз керек" дейді. Ал былтыр мектепті заңдастыру үшін құжат жинауға 3 күн ғана уақыт берілгенде полиция тарапынан тиісті құжат (бала қауіпсіздігіне қатысты) кеш берілген. Сөйтіп қаржыландырудан қағылды дейді.

Жаңа жылда тағы ұмтылғанда тағы бір құжатты қосу талап етілген. Ол құжат: "бізге мектеп қажет" деген тілдей қағаз аудандық әкімдік тарапынан берілу керек болған. Бірақ атқамінерлер беруден бас тартқан. Міне мәселе қайда жатыр?!

Жергілікті билік жаңадан "Жайлы мектеп" салынып жатқанын (300 орындық) желеу еткен секілді. Ол мектептің қазығы қағылмай жатып кәсіпкер ақшасына ағарту ошағы бой көтерген болатын. Бүгінде жаңадан салынып жатыр, ал ертең екі мектепке балаларды бөлуге болады. 300 баланы "Жайлы мектепке", тағы 300 осы мектепке оқытса болады деп ойлаймыз", – деп жазды депутат.

Ал елге пайдамды тигізсем деген ниетпен білім ошағын салған кәсіпкер оқушы бөлу бойынша көмек керек екенін айтады.

"Біз қаншама қаржы шығарып оқу ұясын салғанда оқушы жібермейді. Үш ауысымды мектеп сол баяғыдай білім берді. Оқушыларға обал жасап, тар мектепте оқытты. Мектеп құрылысына қаншама миллиондар кетті. Тегін білім беретін жеке мектепке бала бөлу бойынша көмек сұраймын", – дейді кәсіпкер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу