Оның айтуынша, жаңа коронавирус эпидемиясы таралғаннан бері Оңтүстік Кореяда консулдық есепке алынған қазақстандықтардың саны өсіп жатқан көрінеді.
"Әлеуметтік желілер мен сайттарда консулдық есепке алыну керек деген ақпарат жариялануда. Бұған дейін Кореядағы 800-ден астап қазақстандықтың есепке алынғанын мәлімдеген едік, бүгінде олардың саны 1500-ге жетті. Өздеріңіз білетіндей, қазір ол елде біздің 35 мыңдай отандасымыз тұрып жатыр, әзірге оларды эвакуациялау туралы мәселе көтерілмеді. Сол жаққа қарай ұшатын тұрақты рейстердің саны қысқарды", – деді Айбек Смадияров.
Оның сөзінше, Кореяда жүрген қазақстандықтар елдегі ауруларды бақылау және алдын алу орталығына жүгініп, коронавирусты анықтайтын сынақтан өте алады.
"Кореяда жүрген азаматтарымыз заңсыз түрде сол жақта тұрып жатқандықтан медициналық мекемелерге баруға қорқады. Осы орайда біздің елшілік Кореядағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен ортақ мәмілеге келді: енді біздің азаматтарымыз өздерінің статусына қарамастан кез келген медициналық мекемеге барып, тексеріле алады", – деді Смадияров.
Еске сала кетсек, 3 наурызда отандық "Хабар24" телеарнасы Оңтүстік Кореядағы Ансонг қаласының полиция қызметкеріне сілтеме жасай отырып, сол елде заңсыз жүрген қазақстандық жаңа коронавирус жұқтырды деп хабарлаған еді. Сонымен қатар ол кісі ауруханада осы вирусты анықтайтын сынақтан өткеннен кейін қашып кетті және ол іздестіріліп жатыр деп мәлімдеген еді.
4 наурызда бұл ақпаратты ҚР СІМ ресми өкілі жоққа шығарды.
Табиғат Нұрболат