Астанада Ұлттық ұланның бұрынғы офицері мен адвокаты Руслан Жақсылықовты "әскери бөлімнен жанар-жағармай ұрлауға қатысы бар" деп айыптады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өйткені Нұржан Жақсыбаев деген Ұлттық ұланның жанар-жағармай басқармасын басқарған подполковник қазір істі болып жатыр. Оған "Астана іргесіндегі әскери бөлімнен 488 миллион теңгеге бағаланған дизель мен авиациялық отынды ұрлады" деген айып тағылған.
Жақсыбаевтың айтуынша, жанармай 2018 жылдан бері ұрланған. Ал ол Мәскеудегі оқуын аяқтап осы лауазымға 2020 жылы ғана тағайындалғанын алға тартады.
Айыпталушының адвокаты болса, "басшылар құтылып кеткелі отыр" дейді. Тергеу барысында сол уақытта Ұлттық ұланның бас қолбасшысы болған Руслан Жақсылықовқа ұрлық туралы хабарланғаны белгілі болыпты.
Қаңтар оқиғасы кезінде әскерилер жаяу қала жаздады
Адвокаттың айтуынша, қолды болған дизель мен авиациялық отынды карьерларда жұмыс істейтін техникаларға және жанармай құю станцияларына сатып келген. Тіпті, Жақсылықовтың орынбасары үйін жылытуға да алып отырыпты. Бұл былық тек былтырғы қаңтарда ғана әшкере болғанға ұқсайды. Адвокат "қаңтар оқиғасы кезінде министрліктер үйінің алдын күзетуі тиіс болған Ұлттық ұлан техникаларына жанармай таппай, қарызға алды" деп отыр. Ал Руслан Жақсылықов болса, мұның бәрін "арандату" дейді.