Қорғаныс министрлігі Айғаным Елшібаеваның фактілері шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді

634

Министрлік Айғаным Елшібаеваның шағымына қатысты тексеру аяқталғанын хабарлады.

Қорғаныс министрлігі Айғаным Елшібаеваның фактілері шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді

Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші А.Б. Елшібаеваның Қарулы күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан оған оғаш қылық көрсетуі туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға қатысты қосымша тексеруді аяқтады, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша А.Б. Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісінің нәтижесінде А.Б. Елшібаеваның арызында көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады", – деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Бұған дейін, 2022 жылдың 6 мамырында Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі аталған әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген екен. Батальонның барлық жеке құрамы А.Б. Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет фактілерінің болғанын растамаған. 

"Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша А.Б. Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады", – делінген хабарламада.

Министрлік бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алғанын және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.

"Биылғы жылдың 3 мамырында аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес А.Б. Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес А.Б. Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз", – дейді ведомстводан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу