Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс кулуарында Батыс Қазақстан аумағында құлаған дрондарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, құзырлы органдар аталған дерек бойынша тергеуді бастады.
"Қажеттілік туындаған жағдайда тергеу нәтижелері бойынша қосымша шаралар қабылдаймыз", - деді Шайх-Хасан Жазықбаев тілшілердің сауалына берген жауабында.
Қорғаныс министрінің орынбасары БҚО-дағы Бөкей ордасы ауданында Ресей жалға алған сынақ полигоны орналасқанын атап өтті.
"Арандатудың қажеті жоқ. Бөкей ордасы ауданында Ресей жалға алған сынақ полигоны бар. Онда тек ұрыс алаңы ғана емес, әуе кеңістігі де бар. Мүмкін сыртқа шығып кеткен техникалық ақау шығар. Тергеу біткенше бұл туралы нақты айту дұрыс емес. Халықты алаңдамауға шақырамын. Ол жерде ұшқышсыз ұшатын аппараттың не себепті құлағаны тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады", - деді спикер.
Айта кету керек, осыған дейін Батыс Қазақстанда тағы да ұшқышсыз ұшатын дрон табылғанын жазғанбыз. Осыған ұқсас жағдай ақпан айында да тіркелді.