Қорғаста 11 мың көлік кезек күтіп тұр

829

Тимур Жаркеновтың пікірінше, қос ел арасындағы жүк тасымалы мәселесі толық шешілмеген.

Қорғаста 11 мың көлік кезек күтіп тұр

Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы "Қорғас" бекетінде 11 мың жүк көлігі электронды кезекте тұр. Бұл туралы Iskermen өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Тимур Жаркенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол Қытайдан жүктердің басым бөлігі темір жол, жүк көлігі арқылы жеткізілетінін атап өтті. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты көрші мемлекет жүк тасымалына шектеу енгізген.

"...Мысалы, "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, "Нұрлы Жол" өткізу пункті бар. Оларды салуға қомақты қаржы жұмсалды. Қытай жағындағы қала өсіп, дамып жатыр. "Нұркентке" де қомақты қаржы құйылды. Алайда қазір олар жұмыс істеп тұрған жоқ. 

Бұрын шекарадағы өткізу пункті арқыты тәулігіне 600-800 көлік өтсе, қазір олардың саны 4 пен 40 аралығында. 800 көлік пен 40 көліктің арасындағы айырмашылық тайға таңба басқандай көрініп тұр ғой.

Мұндағы шектеу Қытай тарапына ғана байланысты емес. Қазақстан тарапынан да манипуляция бар. 

Мысалы, шекара аумағында "Еуротранзит" компаниялар тобы атты жеке құрылым аталған бағытқа жетекшілік етеді. Бұл ұйым Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарларды көлікпен тасымалдайтын "бірыңғай оператор" болып саналады", – деді Тимур Жаркенов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Одақтың басқарма төрағасы бүгінде "Қорғас" бекетінде 11 мың жүк көлігі электронды кезекте тұрғанын атап өтті.

"Осыған дейін мен күніне оршата есеппен 40 көлік шекарадан өтіп жатқанын айттым. Оның 90%-ы "Еуротранзит" көлігі. Олар шекарадан өтіп жатыр. Сондай-ақ 10%-ы электронды кезек арқылы өтеді. Олар қарапайым жүктерді тасымалдайды...

"Еуротранзит" компаниялар тобы шекарадағы монополист болып саналады. Менің ойымша, "Еуротранзитке" тиісті функцияларды беру туралы шешімді Қазақстан Үкіметінің ведомствоаралық комиссиясы қабылдаған.

Сондай-ақ шекарада электронды кезек те бар. Бұрын бірнеше шақырымға созылған кезек болатын. Қазір электронды кезек енгізілді. ХШСО-дан 20 шақырым жерде көлік тұрағы бар. Онда қазір 11 мың көлік электронды кезекте тұр.

Мен ондағы жүк көліктерінің жүргізушілерінің бірімен сөйлестім. Ол маған жаздан бері кезекте тұрғанын айтты. Онда ол шамамен 7 200-орында болыпты. Желтоқсанның басында оның кезегі 2 мың орынға жылжыған, яғни шамамен жарты жылда 1 мың көлік шекарадан өткен. Қазір құрғақ портта шамамен 2 мың көлік тұр. Оның өзінде күніне 4-40 көлік шекарадан өтіп жатыр", – деді басқарма төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу