Өткен тәулікте тіркелген жаңа жағдайлардың 310-ы Алматы қаласында, мегаполис "қызыл" аймақтар қатарынан түспей келеді. "Қызыл" аймақ демекші, олардың қатарында сондай-ақ тағы Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Қарағанды облыстары да тұр.
Ал "сары" аймақтар "сапында" Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары, "жасыл" аймақта Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары бар.
"Қызыл" сызықта тұрған өңірлер бар болса да, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың салыстырмалы түрде алғанда тұрақталғанын айтады. Оның сөзінше, соңғы аптада сәуірдің соңы мен мамырдың басындағы ауру-сырқау көрсеткішімен салыстырғанда коронавирус дерегінің анықталған саны 4 мыңға дейін төмендеген.
2021 жылғы 26 мамырдағы мәлімет бойынша, елімізде 2 035 781 адам вакцина салдырған.