Өткен аптада коронавирус дауымен бүкіл Қазақстан халқының назарын өзіне аударған Зайсан ауданының әкімі қызметінен кетті.
Майқапшағай кеден бекеті арқылы көрші елде коронавирус жұқтырған қытайлықтарды Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарында оқшаулап ұстайды екен деген хабар 19 ақпан күні тұрғындарды еріксіз көшеге шығарған болатын. 2019 жылдың сәуірінен бері аудан тізгінін ұстап келе жатқан Серік Ақтанов оқиға күні наразы халықтың ортасына дер кезінде бармай, ертеңінде күллі аудан халқы көтерілген болатын. 20 ақпан күні ауданға облыс әкімі Даниал Ахметов барып, жұртты әупіріммен тыныштандырған. Кейін бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Зайсан ауданынан карантиндік стационар ашу туралы бұйрық өз ведомствосынан түскенін мәлім етті.
Әлеуметтік желіде аудан басшылығының алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбеуі, наразы халықтың арасына дер кезінде бармауы, облыс әкімдігінің ресми ақпаратты уақтылы бермеуі жағдайды ушықтырды деген пікір көп айтылды.
Бүгін сол Зайсан ауданына басқа әкім тағайындалып отыр. Оны тұрғындарға облыс әкімі Даниал Ахметов таныстырды. Бұл қызметке Зайсан ауданын бұған дейін екі рет басқарған Айнабұлақ ауылының тумасы Серік Зайнулдин тағайындалды. Соңғы рет 2010-2013 жылдары туған ауданының тізгінін ұстаған Серік Зайнулдинді абаттандыру жұмыстарын белсенді жүргізгені үшін халық өз арасында "Гүл-Серік" атап кеткен болатын.
Серік Зинабекұлы Зайнулдин 1964 жылғы 25 ақпанда Зайсан ауданының Зайсан қаласында туған. 1981 жылы Айнабұлақ орта мектебін тәмамдады. 1981-1986 жылдары – Семей зооветеринарлық институты зоотехникалық факультетінің студенті. 1986-1991 жылдары Зайсан ауданындағы "Айнабұлақ" кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеді. 1991-1993 жылдары – "Айнабұлақ" кеңшарының директоры, 1997 жылға дейін – аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы. 1997-2004 жылдары Серік Зинабекұлы Зайсан ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мәселелеріне басшылық ететін орынбасары, 2004-2005 жылдары Зайсан ауданы әкімінің міндетін атқарушы қызметінде болды. 2007-2010 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі, 2010 – 2013 жылдары Зайсан ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2013 жылдың 28 маусымында Үржар ауданының әкімі болып тағайындалды.
Есжан Ботақара